"Оқуға қорықтым": Шымкентте 48 жастағы ер адам алғаш рет мектеп есігін ашты
Шымкентте 48 жастағы ер адам алғаш рет сауатын ашты. Қазір ол қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жүр. Бүгін 167/2 түзеу мекемесінде 48 сотталушы үшін оқу жылы басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
48 жастағы Диас (аты өзгертілді – авт) өмірінде алғаш рет мектеп есігін ашып отыр. Оның балалық шағы көшеде өткен. Ата-анасы ерте көз жұмған соң одан туыстары бас тартқан. Ол ешқашан мектепке бармаған, оқи да, жаза да алмайды.
Алғаш рет білім алуға бел буған сотталғандар тікелей алтыншы сыныпқа барады. Онда мұғалімдер әдебиет, математика, тарих пәндерінен сабақ береді. Диас пен оның камераластары оқу мен жазуды үйренбек.
"Мекемеде жазасын өтеп жатқандардың көбі оқу-жазу білмейді. Кейбіріне аты-жөнін жазу қиынға соғады. Бастауыш білім беруге тырысамыз. Кейбірі колледжде оқиды", - дейді тәрбие бөлімінің басшысы Талғат Боранов.
Биыл 48 сотталушы алғаш рет мектепке барды. Мекемеде барлығы 72 адам білім алып жатыр.