Қызылорданың тұрақтандыру қорында азық-түлік бұзылып кеткен
Себебі, сақтау талаптары өрескел бұзылған. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар агроөнімдер дүкен сөресіне дейін жетпеген. Одан бөлек әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларын нарық бағамынан жоғары бағада сатып алғаны әшкереленді. Карантин кезінде картоп пен сәбіз 39 миллион теңге қымбат алыныпты. Тиімсіз жобаларды қаржыландырған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бизнесті дамытуға бағыттаған 3 миллиард теңгесін қайтара алмай отыр. Бұл бағытта несие төлеуші кәсіпкерлерге қатысты 150 іс сотқа жолданды. Жалпы тұрақтандыру қорының соңғы 3 жылдық қызметіне талдау жүргізген жұмысшы топ, мекеме басшылығының бос лауазымдарға мамандарды іріктеу тәртібін де дұрыс ұйымдастырмағанын анықтады.