Абай облысында қызметтік борышын өтеу кезінде өрт сөндіруші көз жұмды
Төтенше жағдайлар министрлігі дала өртін сөндіру кезінде “КАМАЗ” бен автоцистерна отқа оранып, өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың көз жұмғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ке сілтеме жасап.
Хабарламаға сәйкес, 2022 жылдың 7 қыркүйегінде 13:35-те 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кірісті. Осы кезде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыған. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртенген.
Өрт аумағы 500 гектарға тең, өрт 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Марқұм 36 жаста болған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды.