ҚЫЗЫЛОРДА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ӨЖІРЕСІ ОПЫРЫЛЫП ТҮСТІ

380

Фото: Opennews.kzҚызылорда қаласындағы көпқабатты үйлердің өжірелері сын көтермей тұр, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Қызылорда қаласының Желтоқсан көшесінде орналасқан №34-үй тұрғындарының айтуынша, өжірелері кәріз суына толып, 1-қабаттағы тепшекті бұзып тастады деп наразылық білдіруде. 

«Үйіміздің алдын қазып тастағалы  2 айдан асты. Ал, тепшегімізді бұзғалы 3 апта болды. Тым болмаса бір ескертпеді де, бұл не деген бассыздық? 3 аптадан бері жұмысшылары мүлде қозғалмады да. Мектеп пен бала-бақша жасындағы  балаларымыз бар үлкен кісілерде турады бұл үйде біреу құлап кетсе кім жауап береді? Тиісті мамандар келіп, қызметкерлерінің жұмыс барысын қадағалап, ертерек бітуіне ықпал жасаса екен», дейді Жазира.


Сонымен қатар, кәріз құдықтарының аузы ашық күйінде жатқанына да біршама уақыт өткен. Жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігі қуаныш сыйлағанымен, басы бар аяғы жоқ жұмыстар мезі етті деген тұрғындар, жауапты мекемелердің қадағалауын сұрап отыр.

«ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына (32-бап, 1-тармақ) сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті екендігі көрсетілген. Осыған сәйкес, қазіргі таңда тұрғын тарапынан подъезд ішілік және өжіредегі жүйелерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» ,- дейді қала әкімдігінің  мамандары.


«Күнделікті есік алдындағы көлік кептелісіжаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі келтіруде. Есік алдымыздың барлығы қопарылып жатыр. Тіпті ол қазылған жерде жұмысшылардың да қарасы көрінбейді. Оны қадағалайтын ешкім жоқ па? Кәріз құдығының аузы  ашық жатыр, іші тола лас су. Балаларымыз үшін алаңдаймыз», - дейді Алтынкүл.


Қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі күрделі жұмыстарды талап етуде. Десек те, қолға алынған іс аяқ асты қалмай, берілген мерзімге сәйкес аяқталса екен дейміз.