Көрермен назарына ұсынылатын туындылардың 75%-ы қазақ тілді болмақ
«Алматы» телеарнасы ребрендинг өткізіп, жаңа маусымда өзіндік өнім ретінде 26 бағдарлама ұсынбақ. Оның ішінде он бірі – жаңа жоба деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі turkystan.kz ке сілтеме жасап.
Телеарнаның бас директоры Тимур Базарбаевтың айтуынша, «Алматы» телеарнасы ересектер аудиториясын да, әлеуметтік желілер мен онлайн ресурстарды кеңінен қолданатын жас көрермендерді де қамти алатын «заманауи классикаға» барынша көңіл бөлмек.
Almaty TV жаңа маусымда ұсынып отырған жобалардың ішінде Айнұр Ілиясова, Інжу Әнуарбек, Айым Бегматтың әйел мен бала денсаулығы туралы «Ана мен бала» бағдарламасы, Серік Ақышевтің «IQ Almaty» атты мектеп оқушыларына арналған интеллектуалдық викторинасы, демалыс күнгі таңғы шоу «Сәлем, Алматы!», «Жұлдызды такси» атты музыкалық-әзіл бағдарламасы, сондай-ақ, «Алматыдағы әңгіме», «Таңғы студио», «Алматинские истории», «Алматы со вкусом», «Обо всем без купюр», «Шешімі бар», «Темір тұлпар» сияқты жобалар бар.
Сондай-ақ жаңа маусымда айтыс жанрына арналған «Біржан – Сара ізімен» атты ерекше форматтағы бағдарламаның тұсауы кесілмек.
Биылғы күзде «Алматы» телеарнасы өзіндік өнім ретінде бірнеше телехикая ұсынбақ. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің повесі желісімен түсірілген «Қилы заман» телехикаясы, «Жазмыш» мелодрамалық телехикаясы, «Ақ пен қара», «Медеудегі кездесу», «Менің бапкерім – 2» және «Тайталас», «Менің үйім» ситкомы, сонымен қатар, Баян Алагөзова ұсынған «Томпи» комедиясы бар.