Түркістанда 2009 жылы ашылған мектеп құлағалы тұр

161

Фото: скриншот из видеоТүркістан облысының Әсіларық ауылында 2009 жылы пайдалануға берілген мектептің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақыраған, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі  «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.   

Оқу бөлімі ғимараттың қауіпті аумағын жауып, оқушыларды қалған корпуста оқыту туралы ұйғарым шығарған. Бірақ ата-ана сонда да алаң. Сайрам ауданына қарасты Әсіларық ауылындағы №49 жылпы орта мектебі 300 орынға лайықтап салынған.Қазір 500 бала екі ауысымда білім алады. Араға 13 жыл салып оқу ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу күн тәртібіне шықты.
Қабырғасы қақырап, едені ойылып жатқан мектептің қазір бір бөлігі жабық тұр. Өйткені адам өміріне қауіпті. Бірақ апатты деп танылмаған. Сондықтан білім ордасының екінші бөлігінде оқушалар дәстүрлі оқуын жалғастырып жатыр. Алайда қабырғаға түскен жарықшақтардан адам үрейі ұшады. Мектеп директоры жабылған корпуста спорт залы мен акт залы, асхана мен оқу кабинеттері барын айтады. Одан бөлек ғимарат ішіндегі әжетхана мен киім ауыстыру бөлмесі де қауіпті аймаққа енген. Сараптама қорытындысына сәйкес мұнда бала оқытуға болмайды.

«Эксперт 80-ге біз сараптама жасаттық қой. Сол жерде осы блоктарды қауіпті, егерде күрделі жөндеу жүргізілмеген жағдайда қолдануға болмайды делінген. Соған байланысты осы екі корпусты жауып отырмыз», - деді Ш.Уәлиханов атындағы №49 жалпы орта мектебінің директоры Мәдина Көшекбай.


Мектептің сыртқы қасбеті келіскенімен, жылу жүйесі дұрыс жүргізілмен. Сондықтан қыс мезгілінде оқу кабинеттері суық. Қатты отынды қанша жақсақ та жылуға жарымадық,-дейді ұстаздар. Ал ата-ананың көбі балаларын басқа мектепке ауыстырғысы келеді.

«Трамбовка істелмеген. Содан қазір орындарының бәрі осадка беріп жатыр. Төрт жылдан бері төмен түсіп, дуалдары жарылғаннан кейін ауылдың тұрғындары оны көріп, балаларын оқытудан бас тартып жатыр. Жібермейміз, баламыздың қауіпсіздігі керек деп. Қазандықтың проблемесынан әлі жылыған емес мектебіміз. Қысқа бір грамм дайын емеспіз»,- дейді Әсіларық ауылының тұрғыны Әділбек Алтаев.


Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміндегілер сараптамаға сүйеніп, оқушыларды уақытша өзге мектепке ауыстырмақ болыпты. Бірақ ата-аналар баласын жеті шақырым жердегі көрші ауылға жіберуге қарсы болған.

«Бұл бойынша 2020 жылы сметалық құжаттама дайындалған 675 миллион теңгеге. Ол бойынша басқармаға ұсыныс берілген. Қазіргі күнге дейін бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты бөлінбей отырды. Енді келесі жылы осы 675 миллион теңгені «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бөліп беру жоспарланып отыр»,- деді Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас есепшісі Нұрлан Бақтыбаев.


Шоқан Уәлиханов атандағы мектеп құрылысын жүргізген мердігер мекеме кепілдік мерзімін алға тартып отыр. Өйткені білім нысанын қабылдағандар сапасына сын тақпапты. Енді жауаптылар күрделі жөндеуге қаржы бөлінгенін күтуден басқа шара жоқ екенін айтады.