Елімізде бала туу көрсеткіші 2021 жылдан қарағанда 11% азайды

188
Ұлттық статистика бюросы 2022 жылғы қаңтар-шілдедегі демографиялық ахуал туралы мәліметті жариялады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылғы 1 тамызға еліміздегі халық саны 19 644,1 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 12 111,1 мың (61,7%), ауылдықтар – 7 533 мың адам (38,3%). 2022 жылдың басымен салыстырғанда халық саны 140,9  мың адамға немесе 0,7% өсті. Ерлер саны 9 585,2 (48,8%) адамды құраса, әйелдер саны – 10 058,9 (51,2%) адам.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-шілдемен (162,7 мың адам) салыстырғанда 9% кеміп, 148,1 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 12,99 адамды құрады.


АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-шілде аралығында 227,9 мың сәби дүниеге келді, бұл 2021 жылғы қаңтар-шілдеге (256 мың адам) қарағанда 11% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 19,99 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде 79,8 мың адам қайтыс болды, бұл 2021 жылғы қаңтар-шілдеге (93,3 мың адам) қарағанда 14,5% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 7,00 қайтыс болғандарды құрады.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде республикада 1 жасқа дейінгі 1 914 нәресте шетінеді. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2006 шетінеген нәресте) көрсеткіш 4,6% кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,40  оқиғаны құрады.


Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-шілдеде елімізге тұрғылықты тұруға 8 372 адам келіп тіркелді, ал елімізден 15 547 кетті, көші-қонның айырымы  -7175 адамды құрады.


Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі тиісінше 84,1% және 84,6%. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 1,8%-ға кеміді. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңіріне тиесілі: Алматы (+20 860 адам), Нұр-Сұлтан (+19 007 адам) және Шымкент (+2 140 адам).