Петропавлда жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан жігітті көлік қағып, мерт қылды

219
Петропавлда жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 21 жастағы жігітті көлік қағып кетті. Зардап шегуші ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Қатты соққыдан жігіт бірнеше метрге ұшып кеткен. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына тез жеткенімен, зардап шегушіні құтқару мүмкін болмады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 9 қыркүйекте Петропавлда болған. Сағат шамамен 21.30-да Қазақстан Конституциясы мен Парковая көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолағымен жолды кесіп өтпек болған 2001 жылғы Петропавл тұрғынын жеңіл көлік соққан. «Nissan Fuga» автокөлігінің рулінде 1996 жылғы ер адам болған.


«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші шұғыл медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді, сол жерде алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. Алынған медициналық қорытындыға сәйкес - жүргізуші сау. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.


Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР ҚК 345-бабы 3-б. «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, полицейлер жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Анықтаудың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ.