Үш кісі өлтірген азамат есінен айырылғанын мәлімдеді

258

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 15 наурызда облыс орталығындағы Авангард соңғы аялдамасында үш адамды атып өлтіріп, біреуін ауыр жаралаған азаматқа қатысты сот отырысы жалғасуда. Сотталушы Бауыржан Қара болған оқиға туралы өз нұсқасын айтып берді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

Айтуынша, ол 2014 жылы үйленген. Бірінші некесінен екі қызы бар. Атырау қаласындағы Назарбаев мектебінің асханасында жұмыс істеп жүріп, асханаға жұмысқа орналасқан А. атты қызбен танысып, көп ұзамай екеуі жақын араласа бастайды. Ол күйеуінен кетіп қалып, үш баласымен бөлек тұрып жатқан. Бауыржан мен А. 2022 жылдың наурыз айынан бастап бірге тұра бастайды. Бұл уақытта әйел күйеуімен ажырасқалы жатқан.

“15 наурызда күні түскі уақытта учаскелік инспектор қоңырау шалып, А.-ның күйеуінен арыз түскенін хабарлады. Екеуіміз пунктке келгенімізде, сол жерде күйеуі мен оның інісі де келген екен. Балалар қастарында болды. Кейін тағы екі туысы келді. Олар үлкен ұлын мен ұрып-соғады деп шағымданғанын айтты. Мен оларға олай істемегенімді түсіндірдім, бірақ олар маған сенбеді, - деді сотталушы.



Әрі қарай, оның айтуынша, А.-ның күйеуі мен оның туыстары қорқыта бастаған. Қуаныш (күйеуінің інісі) "кешке тағы кездесеміз" деп, телефон нөмірін жазып алған.

Бауыржан Қара қаруды қайдан алғанын былай түсіндірді: бұрын да күйеуі мен туыстары қоқан-лоққы жасап жүргенін, сондықтан "қауіпсіздік мақсатында" былтыр желтоқсан айында екі тапанша сатып алғанын және оларды травматикалық деп ойлағанын, оның атыс қаруы боп қайта жасалғанын білмегенін айтты. Оларды үнемі өзімен бірге алып жүрген.

Үш кісі өлтірудегі оның нұсқасы мынадай: Авангардтағы соңғы аялдамада А.-ның күйеуінің туыстары мен бейтаныс басқа адамдар қорқытып, тіл тигізген соң көзі қарауытып кеткен. 

“Одан әрі не болғаны есімде жоқ. Тек Қуаныштың соңынан қалай жүгіргенім есімде. Кәріз құбырларының жанында есімді жиып, вокзалға бардым, сол жерден Ақтауға такси жалдадым”, - деді сотталушы.