Бір топ жасөспірім балабақшаның астаң-кестеңін шығарған

255
Атырау облысында 9 жасөспірім балабақшаның ішіне кіріп, астан-кестенін шығарған, деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 1 қазанда болған.

Мектеп жасындағы жасөспірімдер кешке таман «Қызғалдақ» балабақшасына кірген. Ойыншықтар мен гүлдерді шашып, астан-кестеңін шығарған.

Балабақша күзетшісі адамдық болмысқа жат теріс әрекет жасаған жасөспірімдердің екеуін ұстап алған. Ал, өзгелері қашып кеткен.

«Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы балабақша ішінде болған құқық бұзушылық фактісіне қатысты 6-7 сыныпта оқитын 9 оқушы анықталды. Олардың ата-анасы аудандық полиция бөліміне шақыртылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды»,деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 тәулікте түн ортасына дейін заңды өкілдерінсіз көше кезген 130-дан астам жасөспірім ұсталған. Оның ішінде екі жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

«Өзге жасөспірімдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша ата-аналарына тапсырылды. Беймезгіл уақытта қыдырған 132 жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабымен хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.