Қызылордада үш елдің азаматтарынан құралған қылмыстық топ сотталды

400
Қызылорда қаласында жалған ақшаның заңсыз айналымына қатысы бар трансұлттық қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



ҰҚК және прокуратура органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қызылорда, Алматы және Өскемен қалаларында Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия азаматтарынан тұратын қылмыстық топ мүшелері құрықталды.

Тергеу барысында олардың аса үлкен көлемде сапасы жоғары жалған АҚШ долларын және еуроны Қазақстан аумағына әкелуге және өткізуге қатысы барлығы дәлелденді.

Валюта Түркиядан Қазақстанға пошта арқылы жасырылған күйде жөнелтіліп отырған.

Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының шешімімен топ басшылары мен мүшелері трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған қатысқаны, сонымен қатар жалған ақшаны өткізгені үшін кінәлі деп танылды.
Кінәлі азаматтар 9 жылдан бастап 17 жылға дейін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Қолданылған шаралар еліміздің экономикалық әлеуетіне келтіретін залалды жоюға және қылмыстық ахуалды жақсартуға тиімді әсер етті.