Елімізде орыс ұлтының саны 3,4 миллионға жетті

206
Қазақстанда өмір сүріп жатқан орыс ұлтының саны 3,4 миллионға жетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Finprom зерттеуіне сүйенсек, аймақтық тұрғыдан алғанда, орыс ұлтының ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр: 469,7 мың адам. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2%-ға аз көрсеткіш. Сондай-ақ саны жағынан Қарағанды облысында 469,2 мың мен Алматы қаласында 458,9 мың орыс қоныстанған. 
Орыстар ең аз тұратын өңір – Қызылорда облысы. Бұл облыста 14,1 мың орыс тұрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,8%-ға аз көрсеткіш.

«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанға 1,3 мың ресейлік келген, бұл – бір жыл бұрынғыдан 5 пайызға артық. Өңірлік тұрғыдан алғанда, елімізге келгендердің басым бөлігі Алматыға қоныстанған: 339 адам – бір жылда 61,4%-ға артқан. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан (152 адам) және Қостанай (143 адам) облыстарында да көбірек тіркелген. Қызылорда облысына небәрі 3 адам қоныстанған», - дейді сарапшылар.

Сонымен қатар елімізден кеткен ресейліктердің саны айтарлықтай 15%-ға азайып, бір жылда 8,1 мың адамды құраған. Көпшілігі Шығыс Қазақстан (1,2 мың адам), Қарағанды (1 мың адам) және Павлодар (989 адам) облыстарынан кеткен.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ресейден кеткен 1,1 мың орыс Қазақстанға қоныс тепкен. Сандық тұрғыдан алғанда, одан кейін Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Беларусь және Украина елдері тұр.

«Елімізден кеткен орыс ұлты азаматтарының басым бөлігі негізінен Ресей Федерациясына кеткен: 91,7% немесе 7,4 мың адам. Дегенмен жыл сайынғы көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы кеткендер саны 15,4%-ға қысқарған. Сондай-ақ орыстар Германия, Беларусь, АҚШ, Польша және Канадаға эмиграцияланған», делінген зерттеуде.

Жалпы, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Ресейден түрлі ұлт құрайтын 1,7 мың азамат келген, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,9 пайызға аз. Алматы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары Ресей Федерациясынан келгендер жиі қоныстанатын аймақтарға айналып отыр.

«Бұл ретте Қазақстаннан Ресейге барлық ұлт өкілдерінің 9,9 мың азаматы кеткен, бұл бір жыл бұрынғыдан 15,2%-ға аз. Көбінесе Ресей Федерациясына Қостанай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан кетеді», - делінген зерттеуде.

Ескерте кетсек, Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына кеткендердің саны бес жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 23,9%-ға, он жыл бұрынғымен салыстырғанда 11,7%-ға қысқарған. Ресейден Қазақстанға келгендердің саны бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 23,5%-ға, он жыл бұрынғымен салыстырғанда 36,4%-ға азайды.