Мемлекеттік бағдарламамен берілген пәтерлердің төбесі опырылып жатыр

213
Шымкентте «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің төбесі құлап жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі



Тұран шағын ауданындағы 9-қабатты үйге тұрғындар 2022 жылдың ақпанынан бастап қоныстанған.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алған тұрғындар көшіп келген күннен бастап қиындыққа тап болған. Алдымен жылу мен кәріз жүйесі істен шыққан, үйдің ішін су басқан. Жаңбыр жауған кезде терезеден үйдің ішіне су кіретін болған.

Бұл үйге осы жылдың ақпанында көшіп келдік. Көрген күніміз осы. Құлайды, қирайды. Мердігерге қабырғасы құлап жатқанын бірнеше рет айттым. Әне істейміз, міне істейміз деп жүр. Көшіп келгеннен кейін бір ай өткенде асхананың төбесі құлады. Сол кезде тамақ істеп тұрғанмын. Қазанның қақпағаны ашқан кезде үстіме құлады. Балалардың бөлмесіндегі төбе кешкі 7-8 шамасында құлады. Бала-шаға ойнайтын бөлме ғой. Балалар қашып үлгерді. Үстіне құласа, не боларын білмеймін, - дейді Шымкент тұрғыны Мәдина Байсариева.


Ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған Мәдина Байсариева пәтерді ипотекаға рәсімдеген. Айына 100 мың теңгеге жуық қаражат төлейді.

Айына жүз мың теңгеге жуық қаржы төлейміз. 15 жылға рәсімдедік. Бастапқы жарна ретінде 1,2 миллион теңге құйдық. Үйді ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырғандықтан, қызымның атына алдым. Қолжетімді баспана дейді, ешқандай да қолжетімді емес. 12,9 миллион теңгеге алдым. Үйдің ақшасына сапасы сай келмейді. Үйдің жөндейтін жері жетеді. Түртіп кетсең, қабырғасы құлайды. Жылуды әрең қосты. Оның өзі арасында өшіп қалады, - дейді әйел.


«Шаңырақ» бағдарламасы арқылы берілген үйде көпбалалы және ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрады. Сондай-ақ жалғызбасты аналар да бар. Олардың әрқайсысы кемі 10-11 жыл үй кезегіде тұрған.

Үйде болмаған кезде апат бола ма деп қорқамыз. Үйден шыға алмай қалдық. Баспалдақпан түсу де қорқынышты. Барлығы қозғалып тұрады. Бұл үйді қандай оймен салғанын білмеймін. Бұл жерде тегін тұрып жатқан жоқпыз. Ай сайын 100 мың теңге төлеп тұру да оңай емес. Пәтердің ақшасын төлеу үшін екі жерде жұмыс істеймін, - дейді шымкенттік Айгерім Оразбаева.


Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы берілген үйді бір апта ішінде қалпына келтіруге болатынын айтады.

Мердігерге тапсырма береміз. Жұмыс істеледі. Түгел қалпына келтіреміз. Бұл жерде ешкім жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Бір аптаның ішінде толық бітеді. Ол үйлердің терезесін жөндейміз. Қалған жұмыс күн жылыған кезде істеледі, - дейді Құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.