Шымкентте тұрған америкалық әйел қазақ тілін екі жарым жылда үйреніп алды
Қазақша таза сөйлеп тұрған шетелдіктің видеосы "Тіл майданы" Тик-ток парақшасында жарияланды.
Америкадан келген әйел қазақ тілін Шымкентте тұрғанда үйреніп алғанын айтады.
Қазір Алматыда тұрып жатқан келіншек видеода өзін Қазына, ал баласын Құдайберген деп таныстырды. Ол еліміздегі екі мегаполис Шымкент пен Алматына салыстырды.
"Мен Шымкентте тұрдым, екі жарым жыл. Шымкент пен Алматының көп айырмашылығы бар, бірақ мен үшін Шымкент жақсы", - дейді америкалық қонақ.
Қазына неліктен өзіне Шымкент ұнағанын да айтты.
"Шымкентте өмір асықпай өтеді, адамдары ашық, қонақжай. Кептеліс аз. Арзан қала. Бәрі қазақша сөйлейді. Орысша сөйлейтіндер бар әрине, бірақ Шымкентте көп орыстар қазақша сөйлей алады. Алматыда ондай емес, ол ұят иә. Бірақ Алматы үлкен қала. Орысша керек", - дейді ол.
Видеоға байланысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі америкалық қонақтың қазақ тілін меңгеріп алғанына таңданып, оған рахмет айтса, бірі өзге ұлт өкілінің қазақша білуінде тұрған ештеңе жоқ деген ойда.
"11 сынып оқып, ағылшынша үйрене алмадым, бұл кісі 2,5 жылда қазақшаны үйреніп алыпты", "Рахмет, тілімізді сыйлап, үйренгеніңе, өте қуаныштымын! Шымкент расында да өте мейірімді қала", "Жарайсың, Қазына. Қазақшаң супер!", - деп жазды оған желі қолданушылары.