Димаш Құдайбергеннің әнін скрипкада тамылжыта орындаған ару желіде жұлдыз болды

441

Фото: https://www.instagram.com/mekebayeva.assel/Елордалық Әсел Мекебаева Қостанайда туып-өсіп, 6 жасынан бастап қаладағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте оқыған. Егіз бауырымен бірге өнер жолын қаршадайынан бастаған талантты ару жақында Димаш Құдайбергеннің "Аққулар махаббаты" әнін скрипкада 

тамылжыта орындап, көптің ыстық ықыласына бөленді. 


Әсел Мекебаева төрт жасында теледидардан әйгілі британ скрипкашысы Ванесса Мэйді көріп, музыкант болуды армандайды. Сөйтіп егіз бауырымен бірге алты жасында Қостанайдағы музыкалық мектепке барады. 


"9-сыныпты бітірген соң оқуымды Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжде жалғастырдым. Сол оқу орнында өткен байқаулардың бірінде мені профессор Айман Мұсаходжаева байқап, сол кісінің мұрындық болуымен елордаға қоныс аудардым. Сөйтіп музыкалық колледжді, кейін Қазақ Өнер университетін скрипка мамандығы бойынша тәмамдадым. 


Бүгінде 3 кітап шығарып, скрипка, фортепиано және жазушылық өнерден бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты атанып отырмын. Сонымен бірге Алматыда журналистика мамандығы бойынша курс оқыдым", - дейді таланатты жас. 
Әселдің айтуынша, ол скрипкада 20 жылдан астам уақыт бойы ойнап келе жатыр. Талантты ару шығармашылықпен бірге, блог жүргізеді екен. 


"Қазір көпшілік блогерлікке бет бұрып жатыр. Мен де солардың қатарынан боламын. Блог жүргізуді пандемияға дейін бастаған едім. Бүгінде Instagram және ТикТок желісінде өзімнің шағын ғана аудиториям бар. Маған каверлерді түсіру процесі қатты ұнайды. Мен оның идеясынан бастап, түсірілім, локация, образдар мен монтаж – бәрін алдын ала жоспарлаймын. Әсіресе адамдарға түсірген дүниелеріміз ұнап жатса, тіптен шабыттанамын", - дейді 27 жастағы елордалық ару. 


Талантты скрипкашы Димаш Құдайбергеннің "Аққулар махаббаты" әнін скрипкада орындау арқылы, елорданың әсем жерлерін көрсету идеясы қалай туындағанын да айтып берді.
 "Димаш Құдайберген орындап жүрген Лара Фабианның "Аққулар махаббаты" әні маған бұрыннан ұнайтын және репертуарымда бұрыннан болатын. Бірақ осы әнге видео түсіріп көрмеппін. Осылайша мен осы кавер арқылы қазақ халқына тән еркіндік пен шынайы махаббатты, адамға берер жылулығын көрсеткім келді.


 Әрине видеоны Алматының әсем табиғатында түсірсе тіптен әдемі болатын еді. Десе де, кавер көпке ұнады, бастысы сол деп ойлаймын. Осы видеоны түсіруге атсалысқан видеограф Азаматом Әменов, әнді бір дубльдан жазып, оны әрлеген дыбыс режиссері Жәнібек Боранбаевқа айтар алғысым зор", - дейді скрипкашы. 


Әсел бүгінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Ол өз оқушыларының биіктен көрінгенін қалайтынын жеткізді.


 "Қазір оқушыммен видео түсіріп, оны желіде танымал ету жоспарым бар. Жалпы кішкентай жұлдыздардың бағы жанып, өнерде өз жолдарын табуға аз да болса үлес қосқым келеді. Сондай-ақ, еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерін аралап, музыка арқылы еліміздің әсем табиғатын көрсеткім келеді", - дейді өнер иесі.