Павлодар әкімі жұмысқа шапан киіп келді

472
Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям жұмысқа ұлттық киіммен келген. Ол пиджактың орнына шапан киіп, галстук таққан. Қала басшысы суретін өз Instagram парақшасында жариялады. 
Әкім бұл ісін "JEBE" қоғамдық ұйымы ұсынған бастаманы қолдау үшін жасаған. Бұл бастамаға қатысушылар "Наурыз мейрамын" мерекелеу аясында ұлттық киім киюлері керек.
 "Мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында бұл акцияны мәдениет саласының қызметкерлері бірден қолдады. Мен де осы бастамадан тыс қалмай, өскелең жас ұрпаққа «Наурыз мейрамын» тойлау тарихын, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды еске салып, заманауи түрде ұлттық құндылықтарымызды үйретуіміз қажет деп санаймын. 
Қазіргі таңда қазақтың ұлттық киімін кию үрдісі жақсы дамып келеді. Қамзолдар, шапандар – гардеробымызды осындай ұлттық киімдермен толтырып, ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеуіміз қажет. ⠀ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы, ұлттық құндылықтар мен мәдениет айы деп жарияланған Наурыз айында мен қала тұрғындарының осы акцияға қосылуына, өздерінің патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымын көрсетуіне шақырамын!",- деп жазды ол.