«ASTANA – ADALDYQ ALAÑY» атты кітаптың таныстырылымы өтті

432
Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «ASTANA – ADALDYQ ALAÑY» кітабының тұсаукесері өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Qazaquni сайтына сілтеме жасап.

Басылымның авторы – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері Жазира Жылқышиева.

Үш жылдан астам уақыт бұрын елордада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қала әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы теңдессіз біріккен «Астана – адалдық алаңы» жобасы бастау алғаны белгілі. Ол аса айқын әлеуметтік бағыттылыққа ие. Оның негізгі мақсаттары – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты төмендету, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығы жолымен билік органдарына деген халық сенімін жоғарылату.

Жиынның ашылуына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Оралұлы сөз сөйлеп, былай деді:

- Жазира Жақсылыққызы, жаңа кітабыңыз құтты болсын. Бұл тек бастамасы ғана. Әлі талай осындай жобаларыңыз көп болады деген сенімдеміз. Кітапты тек мемлекеттік органдарда ғана емес, мемлекетаралық мекемелерге де жіберілгені дұрыс. Өткен жолы Ресей федерациясының өкілдері келіп, ашық әкімдіктің жұмысымен танысты. Жалпы алғанда, ашық әкімдіктің жұмысы ол – іске асыру құралы, арнайы бағыты.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы жобалық кеңсенің жетекшісі және кітаптың авторы Жазира Жақсылыққызы «Астана – адалдық алаңы» тұжырымдамасын әзірлеуге, оның идеологиясын белгілеуге өз үлесін қосты. Жоба аясында денсаулық сақтау, білім беру, сәулет және т.б. салалардағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық барынша азайды.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы бастамасымен елордада тұтынушыларға қызмет көрсететін «iQALA»орталығы, сервистік әкімдіктер
ашылып, «Ашық бюджеттің интерактивтік картасы» платформасы енгізілді. Осы және басқа да бастамалар туралы кітапта жазылған. Нұр-Сұлтан қаласында бастамаларды табысты түрде апробациялау елорда тәжірибесін өңірлерде енгізуге мүмкіндік берді және жобаның республикалық ауқымға дейін дамуына септігін тигізді.

Автор өз кітабында жобалық кеңсе жетекшісі ретінде өзінің қызмет кезеңінде маңызды әлеуметтік салаларға жан-жақты талдау жүргізіп, онымен оқырмандармен бөліседі.

Жиынға белгілі кітап мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, сонымен қатар кең ауқымды оқырмандарға арналған.