АУЫЛ СПАРТАКИАДАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
170
Бүгін Белкөл кентіндегі спорт кешенінде Қызылорда қаласына қарасты кенттер мен ауылдық округ тұрғындарының арасындағы спартакиаданың марапаттау рәсімі өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Дәстүрге айналған бұл шара қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуды насихаттайды. Бір айға созылған айтулы додаға елді-мекендерден 400 – ге жуық спортшы қатысып, спорттың 7 түрінен өзара мықтылар анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтау үшін арнайы барған қала әкімі Асылбек Шаменов «Қызылорда – олимпиада саңлақтары Ильяны, Қамшыбекті дүниеге әкелген қасиетті өлке. Бұқаралық спорты дамыған, салауатты халқы бар қазыналы қоныс.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл «Балалар жылы» аясында аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында 50 спорт-ойын алаңдары салынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Мұның барлығы да қызылордалықтарды салауаттылыққа ынталандыратын қадамдар» - екендігін атап өтті.
Жарыс қорытындысымен сайыстың 7 түрінен үшінші орынды Ақжарма ауылдық округінің, екінші орынды Ақсуат ауылдық округінің, бірінші орынды Тасбөгет кентінің құрама командалары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен спорттық тауарлардың сертификаттары табысталып, 1-ші орынды жеңіп алған команда ауыспалы кубокты қанжығаларына
байлады.