“Бірден кешірім сұрады“: футболшы тепкен доп жанкүйерге тиіп кеткен
"Елімайға" қарсы матч кезінде елордалық "Жеңіс" клубының грузиялық жартылай қорғаушысы Лука Имнадзенің тепкен добы трибунадағы балаға тиіп кеткен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
ҚПЛ-дың 20-турындағы елордалық "Жеңіс" пен семейлік "Елімай" арасындағы матч кезінде оқыс оқиға болған. Астана клубының грузиялық жартылай қорғаушысы Лука Имнадзе шабуыл кезінде допты тепкенде, ол трибуна жаққа ұшып кеткен. Доп кішкентай жанкүйерге тиген. Матч аяқталған соң футболшы трибунаға жақындап, баланы құшағына алып, одан кешірім сұраған. Клубтың баспасөз хатшысы футболшының тепкен добы балаға тиіп кеткенін басында байқамағанын, бірақ бұл туралы естіген бойда Лука Имнадзенің кешірім сұрау үшін стадионға қайта жүгіріп шыққанын айтқан.(Видео)
"Луканың өзі бұл туралы білген жоқ. Ол трибунадағы балаға доп тигенін көрмеді. Команда сәл көңілсіз болып, бірден киім ауыстыратын бөлмеге бет алған еді. Ойыннан кейін олар трибуна астына бара жатқанда, мен оған бұл жағдайды айттым. Ол бірден жүгіріп барып, кешірім сұрады", - деді "Жеңіс" клубының баспасөз хатшысы Ғалымжан Мұқатов.
Сондай-ақ ол клуб әкімшілігі қазіргі уақытта баланы келесі матчке шақырып, арнайы сыйлық табыстау үшін оның отбасын іздестіріп жатқанын мәлімдеген. Келесі матчте "Жеңіс" 8-ші тамызда өтетін ҚПЛ-дың 21-туры аясында алматылық "Қайратпен" ойнайды.







