Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар Динара Сәдуақасова мен Шавкат Рахмоновты қабылдады

1 782

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы шахмат федерациясының құрметті президенті Динара Сәдуақасова мен аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен шахматтан әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова елімізде шахматты дамыту жөнінде пікір алмасты.


Мемлекет басшысына Динара Сәдуақасова елімізде шахматтың танымалдылығын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар және келешектегі жоспары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, балалар арасында шеберлік сағаттары мен квалификациялық турнирлер ұдайы ұйымдастырылып тұрады.


Президент Динара Сәдуақасованы былтыр жыл соңында Алматыда өткен әлем чемпионатында шахматтың рапид түрінен күміс медальға қол жеткізуімен тағы да құттықтап, шахматшыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.


Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев  аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновты қабылдады .


Президент даңқты спортшыны таяуда Лас-Вегас қаласында өткен UFC турнирінде жеңіске жетуімен құттықтады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Рахмонов секілді мықты атлеттердің жеңіске деген ерік-жігері мен жетістігі өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын айтты.


Сонымен қатар Президент спортшының алдағы уақытта биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.


Өз кезегінде Шавкат Рахмонов арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол жанкүйерлердің үмітін ақтап, еліміздің мерейін асқақтата беретінін жеткізді.


«Таяу арада сені қабылдаймын. Жарайсың! Сені мақтан тұтамыз!» - деді Қ. Тоқаев спортшыға.