Қазақстандық қос қаратэші әлем чемпионатының финалына шықты
Қазақстандық каратэшілер Қайсар Алпысбай (60 келі) мен Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қайсар Алпысбай кумите бағдарламасында жартылай финалда әлем чемпионы Анджело Крешенцоны (Италия) 5-1 есебімен басым түсті. Енді отандасымыз алтын медаль үшін ақтық сында грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен күш сынасады. Айта кетейік, Қайсар WKF каратэден әлем рейтингінде 7-орында тұр. Ол – премьер-лига санатындағы бәсекеде үш мәрте топ жарған. Қазақстандық спортшы биылғы Азия чемпионы және Ханчжоуда өткен Азиаданың жеңімпазы болды. Ал Мөлдір әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасады. Отандасымыз жуырда ғана Азия ойындарынан елге күміс жүлдемен оралған еді.
Сондай-ақ жексенбі күні Дидар Әмірәлі (67 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін таласады. "Бұл біздің еліміз үшін тарихи сәт! Алғаш рет екі спортшымыз әлем чемпионатының финалында. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз - 2008 жылғы Дархан Асаділовтің күміс медалі еді. Екі финалмен қоса екі қола үшін жекпе-жек күтіп тұр. Жалпы ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Сәтін салып, елге екі алтынмен қайтуға барымызды саламыз", - деді ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған Асқар Молдағали. Айта кетейік, WKF каратэден ұлттық құрама XIX жазғы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, бәрі жүлдеге ие болды (3 алтын, 3 күміс, 2 қола). Сондай-ақ биыл Азия чемпионатында алғаш рет жалпы есепте топ жарды.