"Мұрын сүйегі сынған": Бахтиер Зайнутдинов ұлттық құраманың ойындарына қатыспауы мүмкін

2 511

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының және "Бешікташ" клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов матч кезінде жарақат алып қалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Түрік Суперлигасының кезекті турында "Бешікташ" өз алаңында "Ыстанбұл Башакшехир" командасын қабылдады. Ойын 1:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен бітсе де, қазақстандық футболшы үшін матч бірінші таймда аяқталды. Ойынның 37-минутында Зайнутдиновтың бетіне қарсылас футболшының шынтағы тиіп, мұрын сүйегі сынып кетті. Бұл туралы "Бешікташ" футбол клубының ресми сайтында осылай делінген: 

"Бахтиер Зайнутдинов "Ыстанбұл Башакшехирге" қарсы ойынның 37-минутында бетіне соққы алды. Ойынды жалғастыра алмаған Бахтиердың жағдайы белгілі болды. Оның мұрын сүйегі сынып, көзіне жарақат келген. Оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілді". 


Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қараша айында Еуро-2024 турниріне іріктеу аясында топтық кезеңнің қорытынды ойындарын өткізеді. Қазақстан құрамасы 17 қараша өз алаңында Сан-Мариноға, ал 21 қараша сырт алаңда Словенияға қарсы кездеседі. 

Ұлттық құраманың үздік сұрмергені Бахтиердың бұл матчтарға қатысуы екіталай. 

"Бахтиер Зайнутдинов "Бешікташ " – "Ыстанбұл Башакшехир" матчында ауыр жарақат алып, ұлттық құраманың алдағы матчтарына қатысуы екіталай болып тұр", – делінген Қазақтан футбол федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасында.