Балауса Мұздыман кезекті жекпе-жегінің алдында жарақат алып қалды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман Алматыда жоспарланған жекпе-жегінің өтпейтінін хабарлады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Спортшы Instagram-дағы парақшасында жанкүйерлеріне алдағы жекпе-жекке қатысты жайсыз жаңалығымен бөлісті. Ол дайындықтың жоғары деңгейде өткенін, алайда мойын жарақатына байланысты алдағы айқастың кейінге шегерілгенін айтты.
Оның сөзінше, команда ұзақ уақыт бойы тыңғылықты жұмыс істеп, жекпе-жекке арнайы бағдарлама әзірлеген. Дегенмен жарақат салдарынан жоспар өзгерген.
Былғары қолғап шебері бірінші кезекте тезірек жарақатынан жазылуына басымдық беретінін айтып, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғысын жеткізді.
Айта кетейік, 27 желтоқсанда Балауса Мұздыманның Алматыда жұдырықтасатыны белгілі болған. Бірақ қарсыласының есімі ресми түрде жарияланбаған.







