Сметов Токио Олимпиадасында жарысты екінші кезеңнен бастайды

247
Токио Олимпиадасында дзюдодан бақ сынайтын спортшылардың жеребесі тартылды. Турнирде Қазақстан атынан алты дзюдошы сынға түседі. Олардың қатарында әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те бар.

60 келідегі Елдос Сметов Олимпиаданы екінші айналымнан бастайды. Сметов Түркия және Бутан спортшылары арасындағы жеңімпаз спортшымен кездеседі.


 66 келідегі Ерлан Серікжанов әзірбайжандық Орхан Сафаропен белдеседі. 
73 келідегі Жансай Смағұлов армениялық Фердинанд Карапетянға қарсы шығады.
 81 келідегі Дидар Хамза Моңғолия атынан белдесетін ирандық спортшы Саид Моллаимен кездеседі.


 90 келідегі Ислам Бозбаевтың қарсыласы - бразилиялық Рафаель Маседо. 


Әйелдер арасында сынға түсетін Галбадрах Отгонцэцэг қытайлық спортшымен кездеседі. 
Кейбір салмақтарда жеребе ауыр түскенін мойындау керек. Дегенмен, бұл Олимпиада ойындары, сондықтан, осал қарсылас болмайды. Ойынға әлемнің ең мықты спортшылары келді, бәрі де тарихта қалып, жүлде алуды мақсат еткен. 


"Сметовтің тобы оңай емес. Жапония, Грузия балуандар бар, жеңіл болады деп айта алмаймын. Әр салмақта өте мықты спортшылар кездеседі. Біз бәріне қарсы дайындалдық, олармен талай белдескенбіз де. Олимпиада төрт жылда, біздің жағдайымызда бес жылда бір өтетін жарыс. Сол себепті, спортшылар психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. 


Біздің балуандар дайын. Өйткені, осы жарысқа қатысу үшін қаншама қиындықтарды артта қалдырды. Пандемия кезінде жаттығу жасаудың өзі оңайға соққан жоқ. Десе де, біз өзімізге қажетті рейтингілік ұпайларды еншіледік. Әлем чемпионы болсаң да, Олимпиада чемпионы болсаң да, жеңіске ең мықты спортшы жетеді. Кейбіреулер үшін бұл өз мансабындағы соңғы Олимпиада болуы мүмкін. Өйткені, спорт мәңгілік емес.


 Сондықтан, біздің олимпиадалық командамыздағы әр спортшы жақсы өнер көрсетсе екен деген тілегім бар", - дейді команда бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Olympic.kz cайтына берген сұхбатында. 


Дзюдошылар додасы 24 шілдеде басталады. Бірінші жарыс күнінде ерлерден 60, әйелдерден 48 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар бақ сынайды.