Ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтиже — аудан спортшыларының жарқын жетістігі

2 254

Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасыҚызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының 2025 жылға арналған бұқаралық спорттық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 18-22 тамызы аралығында Қызылорда қаласында ауыл спортшылары арасында дәстүрлі түрде өтетін «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасы және «Ақ бидай» VIII республикалық ауыл спорты ойындарына іріктеу жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ауқымды спорттық іс-шаралар «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар аясында өткізілді. Бұл жарыстар ауылдық елді мекендердегі бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және ұлттық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған.

Облыстың барлық аудандарынан жиналған үздік спортшылар түрлі спорт түрлерінен өзара бақ сынасты. Спартакиада бағдарламасына қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, волейбол, футбол, жеңіл атлетика секілді бірнеше спорт түрлері енгізіліп, жарыстар жоғары бәсекелестік жағдайында өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша ауданымыздың құрама командасы ұлттық спорт түрлерінен айрықша нәтижелерге қол жеткізіп, облыс көлемінде үлкен жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда:

Асық ату спортынан командалық есепте жүлделі II орын,

Бес асық спортынан командалық есепте жүлделі I орынды иеленіп, облыс намысын абыроймен қорғады.

Аудан спортшыларының бұл жетістігі – ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артуы мен спортшылардың күнделікті жүйелі дайындықтарының жемісі. Сонымен қатар, бұл жеңіс ауыл жастарын отансүйгіштікке, ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуге және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыра түсетіні сөзсіз.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, талантты спортшыларды қолдау және олардың облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізе бермек.