Абиба Әбужақынова әлемдік рейтингте өз салмағында үздік атанды
Қазақстандық дзюдошы, әйелдер құрамасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта халықаралық рейтингтің шыңына қайта көтерілді. Ол 4596 ұпай жинап, әлем үздіктері арасында бірінші орынға ие болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында Будапештте өткен әлем чемпионатында Абиба финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленген еді. Бұл жеңіс арқылы ол әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді.
Жыл соңында спортшының Абу-Даби және Токио Гранд Слэм турнирлеріне қатысуы жоспарланып отыр.
Сол салмақта белдесетін тағы бір қазақстандық Ғалия Тынбаева рейтингте 25-орында тұр. Ал 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Париж Олимпиадасының қатысушысы Есмігүл Қуюлова 908 ұпаймен 49-сатыда. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта күресетін Назгүл Маратова 45-орында орналасқан.
Ерлер құрамасы сапында Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қазір 16-орында, ал Ғұсман Қырғызбаев 14-сатыда. 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар 13-орынға, ал -100 келі санатында Шархан Нұрлыхан 30-орынға ие. Аса ауыр салмақта ел намысын қорғайтын Ерасыл Қажыбаев 21-сатыда тұр.
Айта кетейік, биылғы Будапешт әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы жүлдеге қол жеткізе алмады. Сол жарыста Ғұсман Қырғызбаев жетінші орынмен шектелген болатын.







