Семсерлесуден Әлем чемпионатында Қазақстан алғашқы медальды жеңіп алды
Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия) семсерлесуден жасөспірімдер мен кадеттер арасында әлем чемпионаты басталды. Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде алғашқы медалін жеңіп алды. Қазақстандық спортшы Нұрмұхаммед Жайлыбай қылыштасудан қола медальға ие болды. Ол жартылай финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Түркия өкілі Фуркан Яманға 13:15 есебімен есе жіберді. Осылайша, Жайлыбай турнирді үшінші орынмен аяқтады.
ҚР ҰОК мәліметінше, турнир барысында ол Мажарстан спортшысы Даниэль Беркешиді (15:6), жапониялық Мотоки Кавахараны (15:7), ресейлік Ярослав Борисовты (15:14) және АҚШ өкілі Эмилио Патурзоны (15:13) жеңген. Тағы бір қола жүлде мысырлық Ахмед Хешамға бұйырды. Ол жартылай финалда америкалық Уильям Морилудан жеңілді. Ал жарыстың жеңімпазы Фуркан Яман (Түркия) атанды. Бұл - жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның жекелей сында алған алғашқы медалі.







