Америкалық чемпион қазақтардың мықты болу себебін айтты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров АҚШ-тағы жаттығуы барысында жеңіл салмақта IBF Inter-Continental чемпионы Кишон Дэвиспен спарринг өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаттығудан кейін америкалық боксшының айтқан пікірі желіде қызу талқыланып жатыр. Тұраровтың айтуынша, спаррингтен кейін екі спортшы жақсы тіл табысып, еркін әңгімелескен. Сол сәтте Дэвис қазақстандық боксшылардың мықтылығы туралы өз болжамын айтқан.
«Спаррингтен соң достасып кеттік. Ол маған «Қазақтар жылқының етін жейді, сондықтан да мықты» деп айтты», - деп жазды Жанқош әлеуметтік желіде.
Қазіргі уақытта Жанқош Тұраров АҚШ-та жаттығуын жалғастырып, келесі айқасына дайындалып жатыр. Әзірге оның келесі қарсыласы мен жекпе-жек өтетін күн ресми түрде жарияланған жоқ.







