Қазақстан шахмат Олимпиадасында көш бастап тұр. Әбдімәлік әлемнің үздік шахматшысын жеңді

334
Шахматтан Қазақстан құрамасы Бүкіләлемдік онлайн-олимпиададағы жоғары дивизионда көш бастап тұр. Оның үстіне команда қытайлықтарды, ал Жансая Әбдімәлік төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды ұтты. Тағы бір қазақстандық Бибісара Асаубаева турнирдегі алты ойынды да жеңді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Vesti.kz басылымына сілтеме жасап.
 
Қазақстанның Қытайға қарсы ойыны онлайн-олимпиаданың төртінші кезеңінде өтті. Онда шахматшылар алты ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, тағы біреуін тең аяқтаған - 3,5-2,5. Әбдімәлік пен Асаубаевадан басқа Рамазан Жалмаханов та жеңіске жетті.

Бірінші кезеңде Қазақстан Грузияны жеңді - 4,5-1,5. Денис Махнев, Динара Сәдуақасова және Асаубаева Жалмахановпен бірге жеңіске жетті.

Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы Сәдуақасова мен Асаубаеваның жеңісі арқасында Индонезиядан 3,5-2,5 есебімен басым түсті.

Үшінші кезеңде Румыния жеңілді - 4-2, ал Асаубаева мен Жалмаханов жеңіске жетті.

Бесінші кезеңде қазақстандық шахматшылар Арменияны 3,5-2,5 есебімен жеңді. Жеңімпаз партиялар Ринат Жұмабаев, Әбдімәлік пен Асаубаева активіне жазылды.


Ал алтыншы кезеңде Қазақстан құрамасы Грекияны жеңді - 5,5-0,5. Жеңіс Рүстем Хуснутдинов, Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Қазыбек Нөгербек және Асаубаеваның есебінде.

Енді Қазақстан онлайн-олимпиадада топ-дивизионда 12 ұпаймен көш бастап, Қытайды екі ұпаймен басып озды. Қазақстандық шахматшылар Иран, Моңғолия және Австралиямен тағы үш ойын өткізеді.