Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарында 10 медаль жеңіп алды
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы үшін сәтті күндердің бірі болды. Кеше ұлттық спорт түрлерінен жарыс жолына шыққан қазақстандық спортшылар 4 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальдарды аударыспақ шеберлері салды. 60 келіге дейінгі салмақта Нұрталап Керім финалда Қырғызстан спортшысын жеңсе, 70 келіге дейінгі салмақта Сайлау Мұхаммеджан ақтық сында қырғызстандық қарсыласын 2:1 есебімен ұтып, чемпион атанды. Ал 80 келіге дейінгі салмақта Расул Құрайыш күміс жүлдеге ие болды.
Жамбы атудың қырғыз стилінде бақ сынаған Абзал Тұлыбеков те қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ арқан тартудан «8×8» бағдарламасында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Алыш күресінде қазақстандықтар үш қола медаль еншіледі. 60 келі салмақта Тұрмұханбет Қалмұхан мен еркін стильде өнер көрсеткен Әбубәкір Жандос жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал 100 келіден жоғары салмақта сынға түскен Қожагелді Нұрсұлтан да жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Маст-рестлингтен 90 келі салмақтағы Есімбай Нұрсұлтан қола медальға қол жеткізді. Ал жарыс бағдарламасына биыл алғаш рет енгізілген омыртқа сындыру сайысында Қазақстан өкілі үздік үштіктен көрініп, ел қоржынына тағы бір қола жүлде қосты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы бір күнде 10 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 4-еуі – алтын, 1-еуі – күміс және 5-еуі – қола.
Бүгін, 3 қыркүйекте, Көшпенділер ойындары аясында көкпар, көкбөрі, эр эңиш, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, құсбегілік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, сумо, стронгмен, самбо, қырғыз күрөш, ссирым, армрестлинг және тазы жарысы бойынша жарыстар жалғасады.
Қаз
Рус






