Петропавлда бокстан халықаралық «Ринг королі» ашық турнирі өтті
Петропавлда бокстан халықаралық «Ринг королі» ашық турнирі өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Ринг королі» турнирінде алты салмақ дәрежесі бойынша 45 спортшы бағы мен бабын сынады. 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа Петропавл, Нұр-Сұлтан, Алматы, Жаңаөзен, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар, Тараз қалаларының спортшыларынан бөлек Қырғызстан мен Ресейдің былғары қолғап шеберлері қатысты. Ерекшелігі – тек 35 жастан асқан спортшылар ғана «Ринг королі» белдігі үшін жұдырықтасты.
Бокс ардагерлері арасындағы турнирдің ақтық ойындар әдеттегідей қызықты, әрі тартысты өтті.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға алматылық Рауан Шорабаев пен астаналық Миржан Рақымжанов шықты. Нұр-Сұлтаннан келген Миржан бұған дейін «Ринг королі» атанған. Мәртебесін сақтап қалу үшін барын салды, нәтижесінде жеіске жетті. Оны чемпиондық белбеуден бөлек қазылар алқасы бокстасудың үздік техникасын көрсеткені үшін арнайы белбеумен марапаттады.
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық Дмитрий Ковальчукпен кездескен қарағандылық Қуаныш Исембаевтың жолы болды.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық Нұрлан Мұсабаев жеңімпаз атанды. Ол астаналық Тимур Асембековтен басым түсті.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде маңғыстаулық боксшы Марат Өтегенов жерлесі Жарас Аташовпен жұдырықтасып, чемпион атанды.
91 келгі дейінгі салмақта алматылық Хамзат Гелисхановке тең келер жан болмады. Ол ақтық сында жерлесі Алмас Досжановпен шаршы алаңда кездесті.
Ал алыптар кездескен супер ауыр салмақта Асылан Тәжи «Ринг королі» белбеуін иеленді. Алматылық былғары қолғап шебері маңғыстаулық Талғат Ақтуриевпен жұдырықтасқан еді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сондай-ақ ақшалай сыйлықтарға да ие болды.