Боз кілемде бала барыстар атой салды

335
Бір айға созылған қала күні мерекесі салтанатты мәресіне жақындап келеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 
 
Мереке ажарын келтірген «Жастар карнавалы», «Сырдың қырық қазаны» жобасы, «Кітап FEST» кітап фестивалі, «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді» поэзия кеші, «Жастық шағымның куәсі - Қызылорда» ретро әндер фестивалі секілді түрлі-мәдени көпшілік шаралар легі бүгін «Балалар жылы» аясында кіші жасөспірімдер арасында ұлттық спортымызды насихаттау, балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында шаһарда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Бала барысы» байрақты бәсекесімен жалғасты. Облыс аумағынан 30 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасына «Абай-Дәулет», «Ер-Ару», «Шаған құрылыс заттар» компаниялары демеушілік жасады.

Сонымен, бүгін «Евразия» спорт кешенінде ине шаншыр орын болмады. Бұл дегеніміз ауқымы, көкжиегі кең қазақ күресінің соңғы уақытта аса танымалдылыққа ие болуы деп ойлаймыз. Осы ретте, «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» секілді дүбірлі додалар көптеген апайтөс алыптарды шыңдап, ұлттық спортымыз әлем жұртшылығының назарын аударғанын айта кеткен жөн.

Әрине, осындай ғажап күресі бар қазақтан әлем мойындаған күш атасы Қажымұқандай талай даңқты балуандардың шығуы заңдылық. 2011 жылы ұйымдастырылған алғашқы «Қазақстан барысы» турнирінде қызылордалық Ұлан Рысқұловтың топ жаруы Сыр елі жыр елі ғана емес, қасқыр жүректі балуандар туғызған қастерлі топырақ екенінің айқын дәлелі. Ұланның жеңісті жолын жалғаған Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтар бүгінде үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Жоғарыда айтылған сайыпқыран ерлердің лайықты ізбасарлары қатысқан «Бала барысы» турнирін ашып беріп, балуандарға сәттілік тілеген шаһар басшысы Асылбек Шаменов:

"Сіздерге қарап тұрып қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінің дәстүрлі сипат алуына жүйелі жұмыстар жасалып, бұл байрақты бәсекеде айрықша күш-жігерімен танылған темір қанат жас түлектер көптеген дүбірлі додаларда Алашқа олжа салады деп ойлаймын",  – деді.


Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар боз кілемге спорт кешенінің ішіне бір-біріне қарама-қарсы тігілген қос киіз үйден шығып, өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады. 
Қалалық ашық біріншіліктің баса назар аударатын бір ерекшелігі, балуандардың әрбір қимылы жоғары технологиялы VAR жүйесі арқылы бақыланып, ютуб арнасында тікелей эфир жүргізілді. 

Тартысты бәсекені ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, талантты ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, рухты сөздерімен балуандарға дем беріп отырды. Әр белдесуі жан алып, жан беріскен айқаспен өткен турнирдің ақтық сыны тіпті айта жүрерліктей болғанын жанкүйерлердің қызу қолдауынан сезілді. Жаңақорғандық Дінмұхамед пен қармақшылық Әлиханның белдесуінде спорт кешенінің іші «Әлем барысы» турнирінің финалы өтіп жатқандай әсерде қалдырды. 

Осылайша, Сыр спортының болашақ дүлдүлдері бүгінгі сында аянып қалмады. Жарыстың нәтижесінде «Жанқылыш» лақап атымен қатысқан қармақшылық Бақытжан Архар «Көрермен көзайымы» атанса, ІІІ орын 50 мың теңге және «Қола белбеу» «Ақұдай» лақап атын иеленген Қызылорда қаласынан Исламбек Баймулдаевқа бұйырды. Жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрып, соңғы секундтарда қарсыласына есе жіберген «Жаңақорған барысы» Дінмұхамед Ержанов ІІ орын 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын 150 мың теңге және «Алтын белбеуді» қармақшылық «Семетей» Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» қанжығасына байлады.

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлттық спортымызды насихаттап, жас балуандарға жігер беріп, теледидардан ғана көретін ғажап аураны сезіндірген байрақты бәсеке жыл сайын өткізілетін дәстүрлі додаға айналмақ.