Ақ туын адалдықтың кірлетпеген

295
Арал аймағы – айтулы жер. Айдынды өлкеде от ауызды, орақ тілді шайырлар мен ақын-жазушылар, өнер саңлақтары туып-өсіп, өркен жайған. Солардың бірі – айтыстың ақтангері Бекұзақ Тәңірбергенов, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бекұзақ Тәңірбергенов 1958 жылы Арал ауданы Октябрь ауылдық кеңесінде өнерлі отбасында дүниеге келген. Жастайынан әкесі Жақсаннан домбыра тартуды, ән-жыр айтуды үйреніп өскен. Есейе келе, өз жанынан өлең шығарып мектеп, ауыл сахналарында өнер көрсете бастады. Аудандық көркемөнерпаздар байқауларында жүлделі орынға ие болып жүрді. Ұзамай талантты жас аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрып сан қырлы өнерпаз екенін танытты.

Ол – белгілі айтыс ақыны Әбілхан Махановтың назар аударып, талантына ден қойған бірегей шәкірті. Саусағына қыдыр дарыған Қаппардай күйшілердің батасын алып, алғыс-ықыласына бөленген үлкен өнер иесі, топқа төселген жыршы.

Бекұзақ Тәңірбергенов жақсы термеші де. Оның орындауындағы Кердері Әбубәкір, Тұрмағанбет, Нұртуғанның термелер циклы республикалық телеарнадан көрсетілді. Сонымен қатар, халық сүйіп тыңдайтын «Асубұлақ аруы», «Шолпаным», «Аралым» сияқты айшықты әндердің авторы, композитор. Суырыпсалма ақындығымен оза шығып, қалың жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, көзайымына айналды.

1987 жылы облыстық ақындар айтысына қатысып, өнерімен дараланды. 1988 жылы Алматыда өткен тұңғыш Наурыз мерекесіндегі республикалық ақындар айтысында сынға түсіп, жүлдегер атанды. Ақтөбе қаласында Шәкәрімді еске алуға арналған және Жанқожа, Тама Есет батырлардың асында өткізілген ақындар айтысында жүлделі орындарға ие болды. Ал 1988 жылы Алматыда өткен республикалық телеайтыста бас жүлдені жеңіп алып, Сыр елінің мәртебесін биіктетті. Оның теледидар арқылы орындаған өзінің «Арал туралы толғанысындағы»:

Аралдың табанынан су кеткенмен,

Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ! – деген екі ауыз жалынды жыры бүкіл тыңдаушы көрерменді тебірентіп қол соқтырды. Қазір бұл жыр Арал жұртшылығының қанатты сөзіне айналып кетті. Бекұзақтың осындай сүбелі жетістіктерге жетуіне тума талантымен қатар, өзі айтқандай, бабасы Нұртуған шайырдың, әкесі Жақсан жыраудың ықпалы зор болды.

Ақын өлеңдері, терме-толғаулары 2001 жылы «Тұмар» баспасынан «Дүния, саған не дейін..?» деген атпен жинақ болып басылды.

Азамат ақын елімізге белгілі айтыскерлер мен ақын-жазушылар Махамбетқали Тұрсанов, Замаддин Ибадуллаев, Ерік Асқаров, Ғалым Жайлыбай, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов, Лена Әбдіхалықова, Асқар Кіребаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов, Оңталап Нұрмаханов, Жетіскен Мәкеналиев, Едіге Кішкенеев, Серік Сейітмағанбетов, Толыбай Абылаев, Айжарық Сәдібеков, Сарбұлақ Ибрашевпен, басқа да өлке тарихын жасауға өз үлесін қосқан қайраткер тұлғалармен жақсы қарым-қатынаста болды.

Тумысынан аса дарынды, ақындық пен жыршылық өнер көкірек сарайында тел дамыған өнерлі жан, сирек таланттың бірі, Сыр бойындағы дәстүрлі айтыс өнерінің ірі өкілі Бекұзақ Тәңірбергенов 2002 жылдың 14 маусымында ауыр сырқаттан дүниеден өтті. Артында қыздары Гүлмира, Мөлдір және әкеге ұқсап туған, әке жолын қуған ұлы Ұлықбек қалды. Ұлықбек Бекұзақұлы – қазір республикаға аты шығып үлгерген талантты ақын.

Бекұзақ ақын өмірден өтсе де, оның екінші ғұмыры ерім деген елі, ақжүрек шәкірттерінің, ұрпағының арқасында жалғасып келеді. Өмірден өткеннен соң белгілі ақын Талғат Тілеулесовтің ұйытқы болуымен «Жыр ғұмыр» атты өлеңдер және естеліктер жинағы, осы аттас ән-термелері жазылған үнтаспасы, сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» атты жыр жинағы жарық көрді.

2003 жылы Арал қаласының кіреберісіндегі көше ақын атымен аталды. Сондай-ақ, 2020 жылы туған ауылы «Шижағада» жаңадан бой көтерген мәдениет үйіне Бекұзақ Тәңірбергеновтің есімі берілген. Дегенмен, сол жылғы пандемия шектеулеріне байланысты мәдениет үйінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілмеді.

Жалпы ақынның мол мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау бағытында облыстық ақындар айтысы, жыр кештері, басқа да іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады. Сондай іс-шараның бірі ертең, 2 желтоқсанда «Шижаға» ауылдық мәдениет үйінде «Тұма жыр, сиқырлы әуен, бұлбұл Бекұзақ» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтеді.

Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Аққұм» ауылдық округі ұйымдастырған байқауға аймағымызға белгілі өнерпаздар қатысып, бірінші кезеңінде ақынға арнау айтып, сынға түседі. Екінші кезеңде қатысушылар Бекұзақ шығармаларын, репертуарындағы әндер мен жыр-термелерді орындайды.

Сондай-ақ, іс-шара аясында мәдениет үйінде Бекұзақ Тәңірбергеновке арналған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтеді.