Қызылордада дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы өтті

91

Өнер өлкесінің өр биігіне айналған Арал топырағы таланты теңіздей толқыған, өшпестің отын маздатқан талай өнер жұлдыздарын дүниеге әкелді. Солардың бірегейі Арал өңірінің ән әлеміне өзіндік сүбелі үлесін қосқан әнші Темірхан Ерғалиев,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Сыр сахнасын әнге бөлеп, төл өнерді түлеткен әнші Темірхан Ерғалиевтің туғанына 70 жыл толуына орай «Туған дала төсінде, ән боп туған мен болам» атты дәстүрлі әншілердің облыстық байқауы өз мәресіне жетті. 
Ән додасының қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Қуаныш Алғазиев, Мұхамедәлі Бекпейісов, Ақдана Әбдіқадірқызы иеленсе, екінші орынды Нұртілек Ақтаев, бірінші орынды Айтуған Сембаев иеленді. Байқаудың Бас жүлдесі Зульфия Баймұрзаеваға бұйырды.
Айта кетейік, 1952 жылы Ақшатау елді мекенінде дүниеге келген Темірхан Ерғалиев әке-шешесінің Қызылжар елді мекеніне қоныс аударуына байланысты мектепті қаладағы №13 Т.Г.Шевченко  атындағы мектептен бітірді.
Жастайынан өнерге құмар болған жас әншілік өнер жолын аудандық мәдениет үйінен бастайды. 1970-1973 жылдар арасында осы мәдениет үйінде өзінің шеберлігін шыңдайды. Сол кездегі әріптес ағалары ақын Әбілхан Маханов, күйші Қапар, бүкіл өмірін өнерге арнаған әнші Байнияз Тілеповпен жұмыстас болып, ақыл-кеңесін тыңдаған Темірхан Аралдың малшы, балықшы ауылдарын аралап, аудан жұртшылығына ерекше дауысымен таныла бастады. 1973 жылы Алматыға  келіп, эстрада және цирк студиясына оқуға түседі.


Шын талантты талантты ғана таниды. Оқуға түсуге келген Темірханға алғашқыда ешкім назар аудармайды. Шап-шағын денелі, жұпыны киінген ауыл баласы кімнің көзіне түссін. Емтиханға дайындалып, бір кабинетте өлең айтып отырған Темірханның дауысын естіп қалған әйгілі Ғарифолла Құрманғалиев есіктен қарап: «дүниеге жаңа Ғарифолла келген екен ғой!», – деп қатты қуанған деседі. Сөйтіп студияға Ғарифолла Құрманғалиевтің класына  қабылданады.


Студияны бітірген Темірханды Ғарифолла ағайы Алматыға алып қалғысы келген. Отбасы жағдайын сылтау қылып, туған жерге оралғысы келген Темірханды ұстазы ұстап қала алмады. Арнайы білімді мәдениет саласының маманы 1975-1978 жылдары Қызылорда облыстық филармониясында жұмыс істеп, 1978-1980 жылдары Сырдария аудандық мәдениет үйінде қызмет жасады.


Әйгілі өнер саңлағы Ғарифолла Темірхан ағаны таныды. Оның табиғи дауысынан шын таланттың ізін байқаған Ғарифолла Құрманғалиев сонау жылдардағы баспасөз бетінде: «Менің екі көзімдей болған екі шәкіртім болды. Біреуі Батысқа кетті. Оң көзім болған нағыз талантты шәкіртім Темірхан Ерғалиев Сыр бойына кетті» деп жазған еді. Бұл – Темірхан ағаға берілген шын баға.


Сонау сексенінші жылдардың бас кезінде қазіргідей телевидение жоқ, халық жарға ілінген радионы тыңдайтын. Сол кездері радионы қоса қалса, Темірханның даусын тыңдайтын. Терме-жырдың төсегін тек төріне жайған  Темірхан ағаның үні де ерекше еді.


Шынымен Темірхан Ерғалиевтің репертуарындағы «Аралбай термесі», «Сүйген жар» термелерін дәл ол сияқты ешкім орындап көрген жоқ.


Әттең, ән әлеміне аспандап шыққан әнші ағаның өмірі қысқа болады деп кім ойлаған?! Сонау қыстың қытымыр аязы қысқан  1980 жылы ақпан айының  21-і күні қастандық құрбаны болып небәрі 28 жасында бұзақылардың қолынан қаза тапты. Сол күндері бүкіл облыс жұртшылығы мезгілсіз қазаға күңіренгендей болды. Қазақ радиосы да тынымсыз әншінің әндерін беріп жатты.