Оңтүстік Кореяда қазақ мәдениетіне арналған кеш ұйымдастырылды

507
Сеул мұражайында көрме ұйымдастырылып, соның аясында қазақ мәдениеті кеші өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.     




Мұнда корей әншісі қазақ әндерін орындады. Ал көрмеден кісі арылмаған. 

«Алматы – ұлы даланың інжу-маржаны». Қазақстан елшілігі Сеулде ұйымдастырған көрме осылай аталады. Осы көрменің аясында мәдениет кеші өтті. Мұнда келгендерге қазақстандық заманауи режиссерлер, актерлар мен музыканттардың шығармашылығы туралы айтылды. Корей тіліндегі «Қазақстан» кітабы жұрттың көңілінен шықты.  

"Алматы – ұлы даланың інжу-маржаны" көрмесі өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Тамашалауға келген адам көп. Сондықтан олардың қанша екенін тап басып айту қиын. Бірақ күніне мың шақты адам келгені анық. Бүгінгі кездесудің арқасында біз Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығы, қарым-қатынас, алмасу, тарих және Q-pop туралы көп мағлұмат алдық, - деді Чжонг Хе Чжин, Сеул қаласы тарих мұражайының қызметкері.



2018 жылы Кореяға оралғаннан кейін кітап жаздым. Онда қазақтың мәдениеті, тарихы, адамдармен араласу тәжірибем туралы айтылады. Бұл кітап арқылы корейлер Еуразия орталығы – Қазақстан туралы көбірек білуге мүмкіндік алды деп сенемін, - дейді Чжон Сын Мин, Оңтүстік Кореяның Алматы қаласындағы бұрынғы бас консулы. 


Жұртшылық корей музыкасының танымал екенін, K-pop-тың қазақша нұсқасы шыққанын біледі. Ал Ninety One тобын құрмас бұрын оның бұрынғы продюсері Ерболат Беделхан Сеулде 9 ай бойы K-pop саласын зерттеген. Кореяда да қазақ музыкасын аз естисіз. Қазақ әндерін Сон Вон Соб айтады. Әнші бұл кештің құрметті қонағы болды. 

Мен ештеңе жасағаным жоқ. Тек қазақ әндерін өз стилімде өңдеп, корей тілінде орындадым. Өнерім көптеген адамдарға ұнады. Меніңше, мәдениет тәжірибе алмасу арқасында дамиды. Қазақстан табиғи ресурстарға бай және экономикалық өсу қарқыны бойынша аймақта бірінші орында. Қазақ мәдениеті мен музыкасының әлемде жетекші орында болуына тілектеспін, - деді әнші Сон Вон Соб. 


Екі ел арасындағы мәдени алмасу биыл да жалғасады. Келесі айда Сон Вон Соб Қазақстанда өнер көрсетуге ниетті, ал қазақстандық опера және заманауи музыка тарландары Кореяға гастрольдік сапармен келмек.