Қызылордада студенттік өнер фестивалі басталды

118

Қызылорда қаласындағы жастар орталығының бастамасымен “JASFest - 2023” студенттік өнер фестивалі бастау алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.  


Өнер фестивалі талантты жастардың шығармашылық шыңдалуына жол ашып ғана қоймай, музыкалық мәдениет пен өнерді жандандыруға, жаңа таланттарды ашуға және қолдауға бағытталды. Жастардың рухани әлеуетін көтеріп, шығармашылық өсуіне мол мүмкіндік қарастырылған өнер додасына аймақтағы 15 оқу орны қатысуға өтініш білдірді. 


Бір аптаға жоспарланған өнер додасында жастар эстрада және заманауи әндер, дәстүрлі және заманауи билер, күй өнері, поэзия жанры, бейнерликтер байқауы, Жайдарман, театрландырылған көрініс жанрлары бойынша сынға түсетін болады. 


Бүгін фестивальдің жастар орталығында ашылу салтанаты өтіп, орталық директоры Талғат Оспанұлы барша қатысушыларға сәттілік тіледі. 


"Құрметті дарынды да талантты жастар! Еліміздің ертеңі, мәдениет пен өнердің жанашырлары! Бүгін баршамыз облыстық өнер фестиваліне жиналып отырмыз. Сыр елі өзі мәдениет пен дәстүр, ұлттық өнер ошағы іспеттес. Түркі жұртын тоғыстырған дәстүрлі өнердің түп-тамыры орналасқан қасиетті мекен. Талай дүлдүлдер, ақын-жырау, сал-серілерді тудырған топырақ. Сол серілердің жалғасы өнерлі жастар — сіздерсіздер. Бүгін сынға түскелі отырған барша өнерпаздарға тек сәттілік тілей отырып, үздіктер жеңіске жетсін деймін", - деді Талғат Тілес. 


Алғашқы күні дәстүрлі және заманауи ән жанры бойынша 9 қатысушы өзара бақ сынады. Ән сайысына Мәдениет қайраткері, облыстық филармония әртісі — Үміт Медеуова, әнші, жас жұлдыз — Бекзат Молдабергенов және облыстық филармония конференсьесі Амандық Жаппарбердиев қазылық етті.


Қазылар алқасының шешімімен “Popular voice” жанры бойынша 4 үміткер гала концертке жолдама алды. Мұнымен қоса барша қатысушылар арнайы алғыс хатпен марапатталды.