Белгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы дүниеден озды
Белгілі сыбызғышы, Қазақстанның Халық күйшісі, Моңғол халқының «Алтын жұлдыз» медалінің иегері Кәлек Құмақайұлы 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Марқұмды жерлеу рәсімі ертең сағат 10.00-де Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Баяш Өтепов ауылында өтеді.
Қазақтың сыбызғы өнерін Монғолия қазақтарының ортасынан тәуелсіз Қазақстанға саф күйінде табыстаған айтулы күйшінің қазақ өнеріндегі орны туралы әйгілі сыбызғышы, марқұмның шәкірті Талғат Мұқыш мазмұнды естелік жариялады.
«Қазақ күй өнерінің тау тұлғасы, дүлдүл сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы 93 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қазақ өнерінің соңғы алыптарының бірегейі Кәлек Құмақайұлының әулетінде сыбызғышылық дәстүр жеті атадан бері үзілмей атадан-балаға жалғасып осы заманымызға жетіп отыр. Сыбызғышылар әулетінің мұрагері атағы елге жайылған Кәлек күйші 1958 жылы Баян-Өлгей аймақтық музыка-драма театрына шақырылып қызметке қабылданады. Аталмыш театрда 40 жылдай сыбызғышы болып қызмет атқарып, қазақтың сыбызғы өнерін әлем саханаларында тартып, халықаралық деңгейде насихаттады. Өнердегі еңбегі еленіп «Моңғолияның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағымен марапатталады. Өнерде осындай тұлғаның шәкірті болғанымды, өзіме үлкен бақыт деп санаймын», - деп жазды ол Facebook-те.
Кәлек Құмақайұлы 1930 жылы 25 мамырда қазіргі Баян-Өлгей аймағы жеріндегі Сақсай өзені бойында, Тәутеке қызыл деген жерде, танымал күйші Құмақайдың отбасында үшінші бала болып дүниеге келеді.
Ал Баян Өлгий аймағының Тұлба ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген бозбала Кәлек ел арасындағы той-томалақтарда сыбызғы тартып, елге кең таныла бастайды. 1958 жылы жанадан ашылған аймақтық музыкалық драма театрына шақырылып, халық аспаптар оркестріне сыбызғышы болып орналасқан. Осы ұжымда қызмет атқара жүріп музыкалық білімін жетілдіре түседі. 1960 жылы Баян Өлгий аймағының 20, театрдың 10 жылдығына арналған өнер байқауларында өнер көрсетіп үлкен сахна төрінде халық қошеметіне бөленген. Аймақтың танымал өнерпазына айналған Кәлек Монғолияның он сегіз аймағында, 1965 жылы Тува АССР-інде, 1967 жылы Таулы Алтайда, 1974 жылы Қырғызстан, Польша, Германия, Чехия және Ресей сахналарында өнер көрсетеді. 1967 жылы Таулы Алтайда зерттеуші ғалым Б.Сарыбаевпен кездесіп, үнтаспаға сыбызғы күйлерін жазып береді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға келіп, музыка фестивальдеріне қатысады.
Әр жылдары «Алыстағы арман», «Бақыт құшағында», «Алтын заң», «Жайлауда», Боздағым», «Жайма-шуақ» т.б. күйлерін шығарады.
1960 жылы ол Монғолия Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады.
Кәлек Құмақайұлы Монғолиядағы бірден бір кәсіпқой сыбызғышы ретінде Монғолияның ұлттық халық ән-би ансамблі құрамында шетелдерде өнер көрсеткен. 1970 жылы Мәскеуде гала-концертке қатысып, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстанға барып өнер көрсетеді. 1975 жылы Варшава, Берлин, Прага, Будапешт, Киев, Минск, Мәскеу бағыты бойынша қалаларды аралап, қазақ сыбызғысын Еуропа сахналарында әуелетеді.
1993 жылы күйші әуелде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қоныс аударды. Өмірінің соңғы 10 жылдан астам уақытын осы облыстағы Ұлан ауданының Баяш Өтепов ауылында өткерді.
2021 жылы Кәлек Құмақайұлына «Халық «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің шешімімен күйшісі» атағы берілді.
К.Құмақайұлының Моңғолияда «Әжен», 1999 жылы Алматыда «Өнер» баспасынан «Сыбызғы сазы» атты күйлер жинағы жарық көрді. Арнайы шақыртумен 1998 жылы Құрманғазының 175 жылдығына орай Алматыда өткен мерейтой концертіне, 2006 жылы «Күй керуен» фестиваліне және Өскеменде өткен «Мәңгілік мұра» Алтай-Тарбағатай күй өнері фестиваліне қатысқан.