Айтбай мешіті – сәулет өнерінің ескерткіші

306

Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің ғұмыры жайлы Айтбай Шілдебайұлының ұрпақтары әңгімелеп берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


«Айтбай» мешіті – Сыр өңіріндегі ежелден келе жатқан тарихи әрі қастерлі орынның бірі. Бұл ғимарат тоғыз жолдың торабын түйістіріп, қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған көне шаһардың тарихымен тығыз байланысты.


Дерекке сәйкес, бұл мешіт 1878 жылы Айтбай Шілдебайұлының ықпалымен салынған көрінеді. Қастерлі орынды салу үшін халықтан 40 мың рубль жиналған деген де ақпар бар. Сол уақытта Алла үйін Әулиеата шеберлері – Ысқақ пен Камал тұрғызған екен. Еңселі ғимараттың биіктігі 14 метрді құрайды. Нысан сәулет өнерінің әсем үлгісімен әрленіп, қыш кірпіштен қаланған. Алғашында мешіттің төбесі қаңылтырмен жабылып, іші сыланып, әктелген. Ұзақ жылдар бойына ел игілігіне қызмет еткен мешітке 1980 жылы «Қазақ жобалау – қалпына келтіру» институты тарапынан толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті.


Тағы бір мәліметке сәйкес, тарихи нысан 1802 жылы салынды деген сөздер айтылады. Мешіт асарлату әдісімен тұрғызылыпты.


Сол заманда мешітті тұрғызуға Жаппас руынан шыққан Айтбай деген кісі ықпал еткен көрінеді. Өз заманында Ресей патшасы Николайға Айтбай елдің мәселесін қойып, шешіп қайтқан көрінеді. Ол уақытта Ресей патшасы кез келген адамды қабылдамайды екен. Хан, болыс адамдармен ғана дидарласқан. Тіпті, бай саудагерлердің өзі патшаға базынасын айтып, кіре алмайтын болса керек. Соған қарағанда Айтбай өз заманының білгірі, хан, болыс болуы мүмкін деген тұжырым айтылады. Бірақ әлі күнге дейін көпшілікке мешіт атауы берілген Айтбай деген кісінің өмірдерегі беймәлім күйде қалып тұр. Әйтеуір, бұл мешітті тұрғызуға сол уақытта адамдардың бірі байлығымен, екіншісі білек күшімен асарлатып қолғабыс жасаған деген болжам бар. 


Ал мешітті соқтырған тұлғаның тікелей ұрпағы саналатын Сәуле Алпысбайқызы атасының өз заманында шаруашылық жұмыстарымен айналысқан адам болғанын алға тартады. 


«Айтбай атам сол заманда Қызылордадағы көптеген тарихи нысандарды салуға ұйытқы болғаны айтылады. Атап айтқанда, мешіттен бөлек, теміржол вокзалы ғимаратын, қазіргі Н.Бекежанов драма театрының орнында Пионерлер сарайын салғызуға ықпалын тигізген екен. Күнделікті астындағы атымен осындай құрылыс нысандарын аралап, сапасын бақылап жүреді екен. Атамыздың қала орталығындағы «Қызылорда» қонақ үйінің орнында жеке үйі мен шайханасы да болған деседі. 2000 жылдар шамасында «Айтбай» мешітіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, үлкен ас берілді. Сол кездегі облыс әкімінің арнайы шақыруымен, тікелей ұрпағы ретінде осы жұмыстардың басы-қасында болдым. Алайда атам Айтбай Шілдебайұлы жайында әлі де нақты деректер аз. Мұрағаттарда оның өмір жолы жайында араб тілінде жазылған мағлұматтар бар көрінеді. Бірақ мұрағат сөресінде шаң басқан күйі зерттелмей келеді», – дейді немересі Сәуле Айтбаева.



Жалпы, көк күмбезді үйдің бұдан өзге де ашылмаған құпиясы аз емес. Ертеректе тарихи нысанның ішіне арнайы құдық салынып, жерасты жолы жүргізілген деген деректер жиі айтылады. Кезінде ғимараттың бір бөлмесінен салынған арнайы құдық әлі күнге дейін сақтаулы екен. Сол заманда құдықтың айналасы арнайы кірпішпен өріліпті. Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін құдыққа қақпақ салынып, бетін кілеммен жауып тастаған. Қандай мақсатта салынғанын дөп басып ешкім айта алмаған құпия құдық бүгінде көзден таса тұр. Ал жерасты жолы екі бағытқа, яғни бірі ескі әскери комитет ғимаратына апарса, екіншісі дария жағасына бастайды деген ақпар жиі айтылады. Алайда күні бүгінге дейін құпия жол жөнінде де нақты мәлімет кездеспейді.


«Бұл мешіт қала тарихындағы ең ежелгі әрі құнды нысан саналады. Мешіт ғимаратында арнайы құдық пен жерасты жолы бар деген қауесет жалған емес. Құдық әлі күнге дейін сақтаулы. Ал жерасты жолынан жүріп көрген ешкім жоқ. Бірақ бір адам бойлайтын өткел мен жалғыз аяқ жолдың бар екені жиі айтылады. Бұл ескі шаһар жау қоршауында қалғанда жерасты жолы бас сауғалайтын орын ретінде салынған деген дерек айтылады. Кейіннен жаңғырту жұмыстары кезінде жер астына түсетін өткел бекітіліп тасталса керек. Бірақ әлі күнге дейін құпия жолдың ақиқаты нақты айтылмайды. Өйткені бұл орын ғылыми тұрғыда мүлде зерттелген емес», – деп түсіндірді бұл жайында тарихшы Бақытжан Ахметбек.


Кейбір дін өкілдері бұл құдықта бір кездері су толып тұратынын айтады. Жерасты суы мөлдір де тұщы болған көрінеді. Оны ауызсу ретінде пайдаланыпты. Сондай-ақ ертеде адамдар құдықтағы су мөлшеріне қарап, дария деңгейінің қандай екенін де бағамдап отырған екен. Бірақ кейіннен құдыққа келетін су жолдары бекітіліп, көп жылдан бері пайдаланусыз тұр. 


Тарихшылар жерасты жолының сол заманда саяси астары зор болған деген де пікірде. Ел басына күн туған шақта адамдар құпия жолмен бас сауғалаған деген ақпарды алға тартады.


«Тарихта Қоқан қашқан деген дерек бар. Бұл осы «Айтбай» мешітінен басталатын жерасты жолына байланысты болса керек. Сол заманда Ресей басқыншыларынан қорғанып, Қоқан хандығы тұсында бас сауғалағандар осы жолмен сол аралықтан 300-400 метрдей қашықтықта орналасқан ескі әскери бөлімшеге қашқан деген ақпар бар. Алайда бұл жорамал ғана. Әлі күнге дейін бұл тарихи орын зерттелген жоқ. Негізі, ел тарихы үшін маңызы зор мұндай құпия орындар Сыр өңірінде аз емес. Бәрі де зерттеу жұмыстарын жүргізуге сұранып тұр. «Айтбай» мешітіндегі құпия орындар соның бірі саналады», – деп ойын толықтырды тарихшы.


Тарихи дерекке жүгінсек, Орта Азия хандықтарының ішінде Хиуа, Қоқан хандықтары ертеде Сыр өзенінің орта ағысындағы жерлерге билігін жүргізгені айтылады. Негізінен, Қоқан хандығының құрылуы XVIII ғасырдың басында Ферғана аңғарында басталған. Ал хандық дәуірі XIX ғасырда Әлім хан мен Омар хан тұсында аяқталса керек. 


Бір кездері Ақмешіт бекінісі керуен жолындағы үлкен қамал болыпты. Қоқандықтар сол тұста ақмешіттік керуендерден салық алып, зекет жинайтын бекініске айналғаны тарих парақтарынан айтылады. Соған байланысты тарихшылар айтқан Қоқан қашқан ұғымының астарында бір ақиқат жатуы бек мүмкін. 


Ал дін тұрғысынан келгенде құдық пен құпия жол жайында нақты дәлел жоқ. Дін өкілдері оның қандай мақсатта салынғанын дөп басып айта алмауда. 


«Негізінен, «Айтбай» мешітінің тарихы 1878 жылдан бастау алады. Сол кезде салынған құдық мешіттің бір бөлмесінде әлі күнге дейін сақталып тұр. Бүгінде құдыққа темір қақпақ салынып, бетіне кілем төселді. Бұл бөлмеде мұсылман бауырлар намаз оқып, бес парызының бірін өтейді. Бірақ құдықтың салыну мақсаты бізге беймәлім. Бүгінде Ислам дініне бет бұрып, бес уақыт намазын оқып жүрген жандардың қатары күн санап артып келе жатқаны қуантады. Әсіресе, жаман әдеттерден бойын аулақ салған жас ұрпақтың діни сауатының артуы елдігіміздің іргесі беки түскенін аңғартады», – дейді «Айтбай» мешітінің найб имамы Асқар Жұбанов.


Осылайша, мешіт аумағындағы жерасты жолы мен құдықтың ақиқаты әлі күнге дейін беймәлім күйде қалып тұр. Сыр бойындағы сырын ішіне бүккен тарихи орынды зерттеу жұмыстары қолға алынса, өткен тарихымыздан сыр шертетін көптеген құнды мағлұматтар ақтарылар еді.



Ербақыт Жалғасбай