Белгілі журналистің «Аңсап келдім ата жұрт» атты кітабының тұсауы кесілді

1 417

Елордада белгілі журналист Қалиакбар Үсемханұлының «Аңсап келдім ата жұрт» кітабының тұсауы кесілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Шараға жазушы Қойшығара Салғараұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Еркін Қыдыр бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.


«Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық», «Тілдестірмек тілшіден» сынды үш бөлімнен құралған бұл еңбекте автордың соңғы жылдары ұлт тағдырына, ел жағдайына, тіл мәселесіне қатысты жазған мақалалары мен ғалым, зерттеуші, жазушы, мамандармен әр тақырыпта өткізген сұхбаттары, сондай-ақ ұлттық дүниетаным тұрғысынан жазылған еңбектері енгізілген. Ел тарихы мен жер тарихына қатысты шағын зерттеулері де кітап мазмұнынан көрініс тапқан.


«Өз басым үш тарауға топтастырылып, елу түрлі тақырыпты қамтыған қолжазбаны түгел оқып шыққанда әр түрлі оқиғалардан құралған үзік-үзік шағын әңгімелерді емес, қазақ халқы бастан кешірген тірліктің белгілі бір кезеңінің бар болмысын көз алдыңа әкелер бас-аяғы бүтін, толыққанды тұтас бір көркем шығарманы оқығандай күй кештім. Жинаққа енген еңбектердің қай-қайсысының да ақпараттық мағлұматынан танымдық тағылымы басым. Осыған орай бұларды газет мақалалары дегеннен гөрі «этнографиялық танымдық шағын әңгімелер жинағы» деп қабылдасақ та артық болмайтын секілді.


Мұндағы тағы бір ерекшелік – әр әңгіме қозғалған тақырыбына қатысты қорытылған жеке адамның өзіндік пайымдауының түйіні болғанымен, сол түйіндеулердің қай-қайсысының да автордың өзінің Қытай мен Қазақстанда көргені мен білгеніндерін өзара салыстыру арқылы пайымдалып, нақты тұжырым жасалынатындығында, басқаша айтқанда, тұрмыс тіршілігі, таным-түсінігі, салт-дәстүрі бір-біріне ұқсамайтын екі елде қазіргі таңда өмір сүріп жатқан қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының елдік тірлігіндегі жетістігі мен кемшілігін салыстыра саралап көрсету арқылы жастардың ойласуына, іштей өзіндік бір байламға келуіне, бастан кешіп жатқан жағдайларының мән-мазмұнын жете түсінуіне мүмкіндік жасауы.


Осы орайда шығарма тілінің шұрайлылығын да ерекше атай кеткен жөн. Әр әңгімені оқи отырып, өткен замандарда өмір сүрген ата-бабаларымыздың ой орамымен, сөйлеу мәнерімен қайыра ұшырасқандай күй кешесіз. Бодандық бұғауында ғасырлар бойы отарлаушылар жиынының қаулы-қарарларын, пленумдары мен сиездерінің материалдарын аудару арқылы өзінің бұрынғы көркемдік келбетінен, әуезді үнділігінен айырылып, калькалық аударма өмірге әкелген жасанды сөз тіркестерін қалыптастырып үлгерген қазақ тілінің қазіргі ахуалын да анық аңғарғандай боласың. Өкініш өзекті өртейді. Осы аударма тілдің салдарынан қолданысқа енбей, қазақтың қаншама құнарлы сөздері ұмытылып, бүгінгі ұрпаққа жетпей қалды. Бір қуанарлығы - Қалиакбар осы еңбегінде сондай сөздердің біразын қайта тірілтіп, үйіріне қосыпты. Әр әңгімеден осындай сөздерді кездестірген сайын, бейне бөтен елде жүргенде ойда жоқта ескі танысыңды кездестіргіндей қуанып, ерекше бір сезімге бөленесің», -дейді Тарихшы, ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы.


Қалиакбар Үсемханұлы 1979 жылы 18 қыркүйекте ҚХР Шыңжаң өлкесінің Боғда баурайындағы Шонжы ауданында дүниеге келген.