Мысыр елінде «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанбақ
Атырау академиялық қазақ театрының әртістері Мысырда «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахнаға шығармақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуына қарағанда, қазан айында Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына орай апталық өткізу жоспарланып отыр.
«Биыл Мысырда Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Осыған орай бірнеше іс-шараны өткізу көзделіп отыр. Оның ішінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде түркі жұртының мақтанышы Бейбарыс Сұлтанның мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы, «Ерлігі ерен ер бабам!» республикалық ақындар айтысы, «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» тақырыбында суретшілердің республикалық симпозиумы бар», - деп хабарлады Әбіл Жоламанов.
Оның айтуынша, қазан айының екінші онкүндігінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы Мысыр елінің астанасы Каир қаласына барады.
«Мұнда атыраулық әртістер белгілі драматург Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахналайды. Қазір Қазақстанның Мысырдағы елшілігі арқылы келіссөз жүріп жатыр», - деді Әбіл Жоламанов.
Бұған қоса, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына қазақ күй өнерінің негізін қалаған композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай бірқатар республикалық іс-шара өткізу жоспарланған.