Қызылордада Қоңыр әңгіме дәстүрі жандануда
Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы көне үрдісті жандандырмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақта ілгеріден бері қоңыр әңгіме деген тағылымға толы ерекше дәстүр болған.
«Бүгінде осындай кешті аймақта ұйымдастыруды қолға алдық. Себебі қазақтың сөзіндегі қоңырлық – тыңдаған адамға тағылым береді», - деп жазды ведомстводан.
Ондағы мәліметтерге қарағанда, кезекті рухани кештің қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов болды. Ал, «қоңыр әңгіме» кешінің тұрақты модераторы - айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.
«Алтынның қымбаты – аздығында» демекші, қара сөзді биік санаған халық «Достық» үйінде бас қосты. Жүз жырау шыққан мекеннің перзенті Алмас Алматов қоңыр әңгімені тыңдауға келген халықты рухани тоқ қылды. «Қазына» атты дастанын дүйім жұртқа әңгімелеп, әзіл аралас мағыналы кешті өрбітті», - делінген жазбада.
Бұған қоса, жиынға халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Сыпатаев қатысып, кез келген ер-азаматтың қолынан келе бермейтін өнерін паш етті. Сондай-ақ, сырбойылық саңлақтар да қоңыр әңгімемен бірге, қоңыр үнмен ән әуелетіп, сахнада өнер көрсетті.