Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева “Қазақфильм” киноиндустриясы мен отандық киноиндустрия мәселелері туралы үндеу жасады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Министр шығармашылық ұйымдарға жеке-жеке тоқталды.
“Құрметті достар, бүгін мен аты аңызға айналған Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының айналасында туындаған кейбір мәселелердің басын ашып, тоқталып өткенді жөн көрдім. Бұл ең алдымен, қаржылық, экономикалық, әкімшілік, инфрақұрылымдық сипаттағы жылдар бойы жиналған күрделі проблемалар. Оған бірден бір себеп осы уақытқа дейін киностудияның өзін өзі қамтамасыз етуге, табыс табуға заңдық тұрғыда мүмкіндігінің болмауы. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бері еліміздегі кино түсіру құзыреті заңды түрде Ұлттық киноны қолдау орталығына берілген. Өз кезегінде "Қазақфильм" осы орталық қаржыландыратын жобаларға көппен бірге, жалпы ережеге сәйкес қатысып келді. Нәтижесінде, байқау талаптарына сай бөлінген қаражат киностудияның тек шығармашылық шығындарына ғана жұмсалып, оның басқа шаруашылық мәселелері назардан тыс қалып отырды. Сөз жоқ, "Қазақфильмнің" болашағы - бұл бүкіл отандық киноиндустрияның болашағы. Сондықтан да осы мәселені шешу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі қазіргі таңда нақты шаралар қабылдауда, – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр үш нақты қадам жасау керегін айтты. Сонда ғана мәселе оңтайлы шешімін таппақ.
“Біріншіден, питчингтердегі комиссия жұмысының тиімділігі мен ашықтығы, бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді. Егер бұрындары жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы түсірілген болса, қазір түрлі тақырыптағы сценарийлер байқауын жарияладық. Егер бұрын барлық жобаларды эксперттік бір топ саралайтын болса, енді әрбір кино, деректі фильм, анимация бойынша қатысушылардың өтініштерін жеке сарапшылар тобы бағалайды. Екінші қадам, кино туралы заңға түзетулер енгізу. Атап айтқанда, "Қазақфильмге" фильмдер түсіру, фестивальдар ұйымдастыру, дубляж жасау құқығын және басқа да жаңа мүмкіндіктерді заңды түрде бекіту керек”, – деді Аида Балаева.
Балаеваның айтуынша, үшінші кезекте инфрақұрылым мәселелерін шешуді қазірден қолға алу керек.
“Қазір екі түсірілім павильонын жаңарту бойынша конкурстық рәсімдер жасалды. Ендігі жерде киностудия инфрақұрылымы мен жабдықтарын жөндеуге қаражат салатын инвестор тарту. Оның міндетіне нысанды толығымен ретке келтіріп, көркейту сынды кешенді жұмыстар кіреді. Ал енді қоғамдық резонансты тудырған жер теліміне келсек, жер телімі мемлекет меншігінде. Ешкімге, ешқандай жағдайда, ешқандай мақсатта берілмейді. Сондықтан бұл жөнінде жалған ақпарат тарату, қандай да бір артық сөз айту орынсыз. Әрине, "Қазақфильмге" қатысты қоғамның жанашырлығы дұрыс әрі орынды. Өйткені, кино ұлттық идеологиямыз бен рухани келбетімізді әлемге әйгілеудің айнымас құралы. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін "Қазақфильмнің" елімізде ғана емес, халықаралық киноиндустриядағы даңқын қайтару қастерлі міндет және жауапты іс, – деп түсіндірді министр.
Еске салайық, “Қазақфильм” аумағы қытай көліктерінің тұрағына айналғанын жазған едік. Актер Қуандық Дүйсенбаев алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде үндеу жасаған. Шәкен Айманов атындағы қара шаңырақтың онсыз да хәлі мүшкіл кезде аумағын оңды-солды пайдалану қисынға келмейді деп айтқан еді.