Қызылорда облысында «Жыраулар үйі» ашылды
Қызылорда облысында жарияланған Руханият жылы аясында облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оған облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, фольклортанушы ғалым, жыршы Берік Жүсіпов, дәстүрлі әнші Ақан Әбдуалиев, жыршы, мәдениет қайраткері Амандық Көмеков, жыршы, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен және өзге де өнер жанашырлары қатысты.
Өнер ордасында қойылған панорамалық Қорқыт ата композициясында түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы бейнеленген және Жанкент, Сауран, Шірік-рабат сынды көне қалалары суреттелген. Одан бөлек онда орнатылған Инфокиоск ақпараттандыру құрылғысында жыраулар үйіне қатысты барлық мәлімет енгізілген.
Ал ғимараттың дәлізінде ХІV-XV ғасырлардан бастап ХХ ғасырға дейінгі 15 ақын-жыраудың суреттері ілінген. Олардың қатарында Қорқыт бабадан бастап ақын-философ Асан қайғы, әйгілі Бұқар жырау, жыраулық өнер зерттеушілері Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев және Мардан Байділдаев секілді ғалымдар қамтылған. Одан кейінгі кезекте мұнда келушілер әнші, жырау композитор Ешнияз сал, Базар жырау, Рахмет Мәзқожаев, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, жырау Жәмет Сайымұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы суреттерін тамашалай алады.
Сондай-ақ, Жыраулар үйінде конференция және көрермендер залдары қарастырылған. Көрермендер залының сахнасы ұлттық нақышта безендірілген. Сахна айнасында орнатылған заманауи материалдан жасалған жартылай киіз үй тәрізді құрылғының төбесін шаңырақ түйістіреді. Бұл концерттік зал телевизиалық түсірілімдер жасайтын студияға да лайықтандырылған.
Ғимаратта экспозициялық музей залы да жасақталған. Музейдің оң жақ қанатыны 5, ал сол жақ қанаты 3 секцияға бөлінген. Онда Қорқыт баба мұрагерлері, Нышан, Нұрғали сынды бақсылар қобыздарының суреттері бар. Сыр өңірінде қалыптасқан жыраулық үш мектеп өкілдері Нұртуған, Жиенбай, Нартайдың суреттері, тұтынған құралдары мен жеткен жетістіктерінің құжаттары қойылған.
Жалпы эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілін жырау деп атайды. Жырау атауы «жыр» сөзінен туындайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында жыраулар халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткер рөлін атқарды. Хандар мен басқа да ел билеушілері жыраулар пікірімен санасып отырған. Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар туғызған.
М.Әуезов жырау деген атакка ие болған шығармашылық өкілінің өз ортасында ерекше салмағы бар қоғамдық тұлға екендігін айтады. Оның негізгі функциясы елге басшылық жасап, басалқы айту болатын. Олар хан қасындағы қалың елдің ішінен қосылған қариялар кеңесінің өкілдері болды.
Жыраулар шығармашылығының ақындық поэзиядан негізгі ерекшелігі - жыраудың тек үлкен эпостарды жырлайтындығымен ғана емес, елдің бірлігі үшін ақылгөйлік, көрегендік, даналық сөздер айтатын көсемдік табиғатымен тікелей байланысты. Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар поэзиясында ерлік тақырыбының басымдық алды. Мемлекет тәуелсіздігі мен оның даңқын арттыру жолында күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қайсарлығын жырлау ең өзекті мәселе болды.
XVIII-XIX ғасырлардағы жыраулар поэзиясында еліміздің тарихы көрініс тапқан. Тек ауыз әдебиеті шығармаларын тарихи дереккез ретінде қарастырғанда, біз алғашқы кезекте әрбір тарихи деректің дәлдігімен қатар тарихи оқиғалардың желісін іздейміз.
Өнер ордасында Сыр елінде 2006 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің көрінісі бейнеленген. Бұдан бөлек, Сыр өңіріндегі жыраулық өнерді насихаттауда қолданылған аспаптар мен заттар, киімдер қойылған.
Жыраулар үйінің алқалы алаңында Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы-жыраулар өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты.