Баланың бас ұстазы ата-анасы

2 762

Отбасы - адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


 Тәрбиенің кілті-отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда  соны іледі» ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өзерінің  негізгі борыштарын  атқаруға  кіріседі, яғни оларға тәрбиеші бола бастайды. Отбасының берік негізі міне, рухани мүдденің бірлігінде болмақ. Ерте кезде балалар  оқыса да, оқымаса  да  дін талап еткен  тұрмыс ережесін білуге, орындауға тиісті болған. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халық дәстүрлері мен салттары болған, отбасы тәртібі солар арқылы қатаң реттеліп отырған. 

Отбасының аса маңызды міндеттерінің бірі-баланы жарқын істерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу екендігін естен шығарып алған қаншама ата-ана бар десеңізші. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отының басындағы, ата-ана тәрбиесі. «Баланың бас ұстазы ата-анасы» демекші отбасындағы таным, түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында қалатын сол қасиет солай қалыптасады. Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше. 

Ата-бабамыз отбасы тәрбиесінде еңбекке де көп мән беріп, ол туралы да өзіндік ойларды қалдырған. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған айуанның бірі боласың. Адамзаттың қамы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлы боласың» деп отбасында баланы жастайынан еңбекке баулудың маңыздылығын жоғары қоя білген. «Ата – ана балаға сыншы». Балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, немен айналысып жүргендігіне жіте көңіл бөлсе, мерзімдік басылымдарға жаздырып, әдеби шығармаларды оқуға жасынан дағдыландырса кейін бармақ тістейтін оқиғалардың алдын алуға болар еді. Отбасындағы тәлім – тәрбиенің мақсаты баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Аталған нысанға жету үшін отбасындағы тәрбие төмендегі міндеттерді шешеді. 

Еңбек сүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру, өзіне - өзі қызмет ету дағдыларын үйрету. 

Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым – қатынасын, тіл  табысып түсінуін, бірін – бірі тыңдап, ата – ананы, туған туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету. Оқытудың, білім алудың, мәдени мінез – құлықтың әдет – дағдыларын қалыптастыру.Отбасындағы баланың икемділігі мен қабілетін байқап, кәсіптік жағынан бағдарлау. Баланың ақылына, күшіне біліміне сай берілген тапсырманы талапты орындауға дайын болуға үйрету. Бақылау, тексеру, бағалау.

Жас ұрпақты осы тұрғыдан тәрбиелеуде отбасы маңызды орын алады. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, “Баланың бас ұстазы  ата – ана”. Бұлар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі қыры мен сырын, дүние жұмбақтарын танытып, тағлымға, әдептілікке баулиды. Себебі отбасы – таным бесігі, отбасы өркениет ошағы, отбасы – үлгі өнеге бастауы. Ата-ана күнделікті өмір тіршілігінде еңбегі, адамдық бейнелері, жақсы мінез – құлқы, дұрыс қарым – қатынасы арқылы балаға үлгі. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі”, “Әкеден ақыл, анадан мейрім” алады. Отбасына “Әке-асқар тау, ана бауырындағы – бұлақ, бала –жағасындағы құрақ” болып есептеледі, ата-анаға баладан жақын ешкім жоқ. Сондықтан да баласының әдепті, арлы азамат болып қалыптасуын армандайды. “Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді”. Бірлігі мен тыныштығын, қамқорлыққа, мейрімділікке, сүйіспеншілікке негіздеп құрып, сақтап, жанұя мүшелерінің көтерінкі көңіл – күйде болуын қамтамасыз етіп отыру керек. Осылайша, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі, “Отбасыға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі”, - деп тегін айтылмаған.

 

Гүлнара Рысбаева  

Қызылорда облысының дін істері 

басқармасы дін мәселелерін зерттеу 

                                                                 орталығының психолог маманы

педагогика ғылымдарының магистрі