Қызылордада Ұлттық домбыра күні атап өтілді
Қызылордада Ұлттық домбыра күнінде "Домбыра – халық мұрасы" фестивалі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңарған Орталық алаңдағы тағылымды іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, ардагерлер, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін мерекемен құттықтап, әр қазақтың асыл қазынасы - домбыраның қасиетті Сыр елі үшін ерекше маңызын атап өтті.
Мерекелік кеште Базардың термесі, Жиенбайдың жыр бастауы, "Жез киік", "Терісқақпай", "Сарыарқа" секілді туындылар орындалды.
Айта кетейік, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда 100-ден аса жыр-терме, домбыра үйірмесі жұмыс жасап, оларда 1000-нан астам балалар мен жасөспірімдер дәстүрлі өнерге тәрбиеленуде. Облыс көлемінде ұлт аспаптар оркестрлері, фольклорлық ансамбльдер және этно-топтар халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Кешелі бері Сыр аспанын дала дауылпазы - домбыра үніне толтырған "Сыр толқыны" республикалық күйшілер байқауы ұлт өнерін тағы бір биікке көтере түсті.
Өңірде айтыс өнері мен жыраулық дәстүр көші әлі күнге үзілген жоқ. Кеңестік дәуірде айтыстың ақтаңгері атанған жерлесіміз Манап Көкеновке "Қазақстанның халық ақыны" құрметті атағы берілсе, тәуелсіздік жылдарында Мұхтар Ниязов "Алтын домбыраны" үш мәрте жеңіп алып, Сыр жеріндегі айтыстың бүгінгі мерейін асырды. Қорқыт бабадан бастау алған жәдігер өнерді жалғастырушы Сыр сүлейлерінің әрқайсысы бүгінде дәстүрлі жыршылық пен термешіліктің бір-бір мектебіне айналды. Ұлт қазынасын сақтап, әрі қарай дамыту мақсатында биыл Сыр мәдениетінің алтын тамыры саналған жыраулық дәстүр өкілдері үшін "Жыраулар үйі" ашылды. Бұл шаңырақ бабалар мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, ұлттық брендіміз - жыраулық өнерді насихаттауға арналған бірден-бір рухани орынға айналуда.