Қазақстан тазы тұқымының иесі мәртебесін алды
Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі тану туралы шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл шешім – қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең.
Естеріңізге сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленген.
Өткен 2 жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді.
Ит тұқымын Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі саналатын Ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы ғана тіркетуге болады.
2023 жылдың тамызында Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның барлық талаптарын орындап, оның толыққанды мүшелігіне қабылданды. Сөйтіп өзінің ұлттық ит тұқымдарын жариялау құқығына ие болды.
Тазы – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлігі, сондықтан біз ұлттық ит тұқымын сақтау әрі насихаттау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Бұл күн шежіреде тарихи күн ретінде қалатынына сенімдіміз», - деді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.