Қазақ классигі Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл
Бүгін – заңғар жазушы Бейімбет Майлиннің туған күні, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қарасөздің шебері ұлт руханиятын байытқан небір соқталы шығарма жазып қалдырды. Өнерге талпынысы өлең жазудан басталған қаламгер поэзиядан прозаға ойысып, драматургия сынды күрделі жанрға да түрен салды. Бейімбет десек, әдебиеттен есімізге Қырымбайдың қырсықтығы, Мұқыш, Ыбырай, Мырқымбайдың маңғаздығы түседі. Себебі ол қарапайым ауыл тұрмысын, ондағы адамдардың бет-бейнесін астарлы әзіл арқылы шебер суреттеді. «Оның қаламы қоғам шындығынан суарылған», – дейді аға буын. Болмысы бөлек, табиғаты тосын қалам иесі бір өзі қазақ драматургиясындағы комедия жанрын қалыптастырды. Күлкінің алапат күш екенін ерте ұғынған жазушы осылайша түйдек ойымен солақай саясатты түйреп отырды.
Кедей шаруаның шаңырағында дүниеге келген Бейімбет Майлиннің таланты ерте танылды. Ол «Шұғаның белгісі» атты тырнақалды туындысын медресе қабырғасында оқып жүріп жазған. Ұлттың құнарлы тілінде, қарасөздің майын тамыза отырып, небір соқталы шығармаларды әдебиет қоржынына қосты. Әсіресе ат қойып, айдар тағу, қысқа да нұсқа әңгіме жазудың хас шебері. Сондай-ақ театр мен кино саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. Бүгінде жазушының бізге там-тұмдап жеткен пьесасы 20-ға жуықтайды. «Амангелді» атты қазақтың алғашқы фильміне сценарий жазғандардың бірі Би-ағаң болатын.