Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Конституцияның 30 жылдығына орай мерекелік медальдар табысталды

2 275

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиналыста «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Салтанатты шараға жауапты мемлекеттік орган басшылары, ардагерлер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ата Заң – мемлекет тұрақтылығының негізі

Аймақ басшысы өз сөзінде Ата Заңымыздың 30 жылдығы — ел дамуындағы тарихи белес екенін атап өтті. Мемлекеттік құрылыстың, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негізі қаланған осы маңызды құжаттың мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілуде.

«Биыл Конституциямыздың 30 жылдығы аясында елге сіңірген еңбегімен ерекшеленген азаматтар марапатталып жатыр. Бұл – еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосқан жандардың еңбегіне берілген әділ баға», – деді облыс әкімі.

Еңбек пен елге адалдық – марапат төрінде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген мерейтойлық медаль мемлекеттігіміздің қалыптасуына, егемендіктің нығаюына және әлеуметтік-экономикалық дамуға елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталды.

Атап айтқанда, Бақберген Сәрсенұлы мен Мұрат Бақтиярұлы — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі шақырылымында депутат болған жылдары Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік бағыттағы заңнамаларды қабылдауға белсенді атсалысқан тұлғалар ретінде ерекше атап өтілді.

«Біз ағаларымыздың елге сіңірген еңбегін мақтанышпен айтамыз, құрметпен қараймыз. Конституциямыздың тұрақтылығы мен әділдігін сақтау жолындағы қажырлы қызметтеріңіз жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Марапаттарыңыз құтты болсын! Бұл – баршамыздың бірлесіп атқарған ортақ еңбегіміздің лайықты бағасы», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Қоғам қайраткерлері – ел құрметінде

Жиында сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, Ата Заңның ел өміріндегі маңызын атап өтті.

«Бұл марапат – тек жеке адамның емес, тұтас бір ұрпақтың еңбегіне берілген баға. Егемен ел болып, Тәуелсіздікті нығайту жолында қажырлы қызмет атқарған барша азаматтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын», – деді ардагер.

Конституцияға құрмет – мемлекетке құрмет. Қызылорда облысында Ата Заңның 30 жылдығына арналған іс-шаралар тәрбие мен тағылымға, азаматтық жауапкершілік пен бірлікке үндейтін маңызды алаңға айналып отыр. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау – жас ұрпаққа үлгі, елге қызмет етуге шақыру.