Аудан әкімі білім саласының ардагерлерімен кездесті
Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков ауданның білім саласының ардагерлерін арнайы қабылдап, олардың өлшеусіз еңбегіне құрмет көрсетті. Жылы жүздесу аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, ұстаздар қауымына арналған ықылас пен алғысқа толы сәттерге ұласты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан басшысы өз сөзінде:
— «Азаматын ардақтаған ел азбайды» деген халық даналығы бар. Ұстаз – елдің іргесін қалаушы, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы. Бүгінгі жас ұрпақтың жетістігі – сіздердің ұзақ жылғы адал еңбектеріңіздің жемісі. Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді». Сіздердің әрқайсыңыздың білім саласына қосқан үлестеріңіз – өлшеусіз, – деп атап өтті.
Ардагер ұстаздарға марапаттар табысталды
Жиын барысында бірқатар ардагер ұстаздар мен сала жетекшілеріне Құрмет грамоталары, сондай-ақ облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында:
Тұрысбеков Сейітхан Тұрысбекұлы – 40 жылға жуық білім саласында еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген. №149 Ә.Монтаев атындағы мектептің директоры қызметін 10 жылдан астам атқарған.
Сыздықова Жақсыгүл – №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінен білім берген тәжірибелі маман.
Кісенбаева Зияхан Бәкірқызы – №152 орта мектептің математика пәнінің ардагер ұстазы. Жас ұрпаққа білім беруде үлгілі еңбек еткен.
Найзабекова Баян Бектұрсынқызы – №127 мектеп-лицейінің бастауыш сынып ардагер ұстазы. Саналы ғұмырын бүлдіршіндердің сауатын ашуға арнаған.
Қоғамдық ұйым өкілдері де ізгі лебіздерін білдірді
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекіш сөз сөйлеп, ардагер ұстаздарға ыстық ықыластарын білдірді. Олар білім беру саласының дамуына негіз қалаған ардагерлердің еңбегі – елге, ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге
Бұл кездесу – ардагерлерге деген құрметтің белгісі ғана емес, жас буынға үлгі-өнеге көрсетудің айқын көрінісі. Ардагер ұстаздардың ақ батасы, тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – жас мұғалімдер мен өскелең ұрпақ үшін үлкен мектеп.
Мұндай жүздесулер — дәстүр сабақтастығын жалғастыруға, ұрпақтар байланысын нығайтуға жол ашатыны сөзсіз.