Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды

2 504

Фото: ©Астана қ. әкімдігі«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніне жұмыс сапарымен Ресейдің Мәскеу қаласынан ауыл шаруашылығы министрі бастаған делегация келді, оларға дәстүр, сауықтыру және этномәдени элементтерді ұштастырған кешеннің бірегей тәжірибесі таныстырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап. 

Делегация мүшелеріне «Арғымақ» кешенінің құрылу тарихы, негізгі тұжырымдамасы және сауықтыру бағытындағы мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Кешен қызметінің басты ерекшелігі – табиғи әдістерге негізделген қалпына келтіру бағдарламалары екеніне ерекше назар аударылған. Қонақтарға ұсынылатын сауықтыру бағдарламаларының табиғилығы мен тиімділігі атап өтіліп, олардың адам денсаулығын нығайтуға және ағзаны кешенді түрде қалпына келтіруге бағытталғаны айтылды. Сапар барысында делегацияға ұлттық мәдениеттің элементтері де кеңінен көрсетілді. Атап айтқанда, қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнері таныстырылып, бұл көрініс шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Танымдық мәні зор бұл шара кешеннің қызметі тек сауықтырумен ғана шектелмей, ұлттық мұраны насихаттауға да бағытталғанын айқындады.

Сонымен қатар қонақтар тазы иттері мен асыл тұқымды жылқыларды тамашалап, олардың кешендегі оңалту және терапиялық бағдарламаларда алатын орны туралы мәлімет алды. Мамандардың айтуынша, жануарлармен байланыс адамның психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға оң әсер етеді. Кешен директорының сөзінше, мұнда дәстүрлі тәсілдер мен заманауи технологияларды ұштастыруға ерекше мән беріледі. 

«Біздің басты ерекшелігіміз – ұлттық тәжірибені қазіргі шешімдермен үйлестіру. Арнайы жаттығу алаңдары, жолақтар және толық маусымдық жұмыс жүйесі бар. Кешенде олимпиадалық элементтер енгізілген, терапиялық бағыттар да дамып келеді.

Біз балаларға көмектесеміз, ата-аналары нәтижесін көріп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бала алғаш рет жылқыны көргенде оның қызығушылығы оянып, ерекше эмоция пайда болады», – деді ол.

Фото: ©Астана қ. әкімдігі

Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, келушілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл кешен инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Жаңартылған алаңдар ашылып, ұлттық және халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық жарыстарды өткізу көзделген. Сапар соңында делегацияға кең ауқымды спорттық бағдарлама ұсынылып, қазақтың ұлттық спорт түрлері таныстырылды. Олардың қатарында көкпар, қыз қуу, теңге ілу сияқты дәстүрлі ойындар бар. Бұл шаралар арқылы қонақтар қазақ халқының бай мәдениеті мен көшпелі өркениеттің рухын тереңірек сезінуге мүмкіндік алды.